Байден мен оның әйелі 2023 жылы қанша табыс тапқаны белгілі болды

Байден
Фото: Chris Kleponis/Pool/CNP/Global Look Press

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Джо Байден мен оның әйелі Джил Байден 2023 жылы 620 мың доллар табыс тапқан. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі салық декларациясына сүйене отырып хабарлады.

Ерлі-зайыптылар осы сомадан 23,7% ставкамен 146,6 мың доллар федералды табыс салығын төлеген. Джо Байден мен әйелі олардың үйі орналасқан Делавэр штатында да шамамен 30,9 мың доллар салық төледі. Сондай-ақ, Джилл Байден өткен жылы Вирджиния штатында 3500 доллар салық төлеген.

Өткен жылы Байдендер 17 түрлі қайырымдылық қорына 20 мың доллар берді. Оның 5 мың доллары марқұм ұлының атымен аталатын Бо Байден қорына берілді.

2022 жылы отбасының жылдық табысы 579,5 мың долларды құрады. Bloomberg мәліметінше, 2023 жылы табыстың артуы Солтүстік Вирджиния қауымдық колледжінің профессоры Джил Байденнің жалақысының өсуіне байланысты. Әлеуметтік сақтандыру төлемдердің жоғарылауына байланысты табыс та өскен.

Соңғы жаңалықтар