Бәйдібек ауданында 90 жылдық тарихы бар білім ордасы мерейтойын тойлады
БӘЙДІБЕК. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Бәйдібек ауданында Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектеп 90 жылдық мерейтойын тойлады. Қазақтың біртуар азаматтары оқыған білім ошағының салтанатты жиынында әр жылдарда еңбек еткен ұстаздар мен білім алған түлектер бас қосып, мектеп ауласында «Ұстаздар аллеясы» ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Тарихқа көз жүгіртсек алғашында бастауыш одан кейін жеті жылдық, 1965 жылы орта мектепке айналған білім ошағын 90 жыл ішінде 15-ке жуық директорлар басшылық жасаған. Болашақ ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген 100-ге жуық ардагер ұстаз бүгінде еңбектерінің зейнетін көріп отыр. Бұлардың әрқайсының осы мектепте өзіндік қолтаңбасы бар. Шақпақ елді мекеніндегі іргелі білім ордасында өткен жиынға аудан әкімі Б.Танагөзов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Білім ұясының жеткен жетістіктеріне тоқталып, бірқатар азаматтарды арнайы алғыс хаттармен марапаттады.

«Сіздерді қазақ жастарының жалынды жетекшісі болған Ғани Мұратбаевтің есімін иеленген іргелі білім ордасының 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мектеп 90 жылда талай шәкіртті қанаттандырып, үлкен өмірге ұшырып келді. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген нақыл сөз бар. Бұл мектепте талай тәжірибелі ұстаздар еңбек етіп, білімнің діңгегін қалыптастырды. Осындай ұстаздардың арқасында талай түлектер биік белестерді бағындырды. 1929 жылы іргесі қаланған білім ошағынан күні бүгінге дейін 4 мыңға жуық шәкірт түлеп ұшқан. Алыптарды шығарған бұл білім ұясы, халқының қамын жейтін әлі талай ұрпақ тәрбиелейтініне бек сенімдімін»,- деді аудан әкімі.

Мектеп түлектерінің қатарында Совет Одағының батыры, академик, профессор, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаттары, ақын-жазушылар, тіпті Қазақстан Әнұранының ресми түрдегі тұңғыш орындаушысы Талғат Күзенбаевтар бар. Сондай-ақ, өмірімен де өнерімен де қазаққа айналған, қазақ дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы әншісі, домбырашы Татьяна Бурмистрова мен танымал сазгер Жарылқасын Дәулет, аудан әкімдері мен облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер және басқа да көптеген қоғам қайраткерлері мен мәдениет саңлақтары осы жерде білім алған. Ауыл тұрғындары бұл азаматтардың осы Шақпақ елді мекеніндегі мектептің түлектері екенін мақтан етеді.



