Бәйдібекте тұрмысы төмен 300 отбасына азық-түлік таратылып жатыр

БӘЙДІБЕК. ҚазАқпарат – Еліміздегі Төтенше жағдайға байланысты қиын-қыстау сәтте Түркістан облысындағы кәсіпкерлер көпбалалы және мұқтаж отбасыларға көмек қолын созуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бәйдібекте тұрмысы төмен 300 отбасына азық-түлік таратылып жатыр

Бәйдібек ауданында жергілікті кәсіпкерлер Ғабиден Қапалбаев пен Бақытбек Нақыпбеков елді мекендерде тұратын атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен өмірлік қиын жағдайдағы 300 отбасына азық-түлік үлестіруде.

Аталған кәсіпкерлер аудан орталығындағы қоймаға 300 отбасыға арнап 17,5 тонна ұн, 1,75 тонна күріш, 1,75 тонна өсімдік майын жеткізіп берген. Бұл азық-түліктер кезең-кезеңімен тұрмысы төмен жанұяларға үлестіріледі.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейіржан Беріков кәсіпкерлердің демеушілігімен бөлінген азық-түлікті әзірге Ақбастау ауылдық округіндегі 30, Боралдай ауылдық округіндегі 36 отбасына таратып берді.