БӘЙГЕ: жүзден жүйрік шыққандар жүлдеcін алды (ФОТОРЕПОРТАЖ)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған республикалық «Ислам және дәстүр» атты шығармашылық бәйгесінің жеңімпаздары Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қолынан жүлделерін алды, деп хабарлады www.muftyat.kz сайты.
Салтанатты шараның ашылуында сөз алған Бас мүфти жеңімпаздарды жүлдесімен құттықтап, алғыс хатпен марапаттады.
«Байқауды өткізудегі мақсатымыз - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дін мен дәстүрімізді барынша насихаттау. Осы үздік мақалаларды жинақ етіп шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек «Дін мен дәстүр» жылы аясында жамағат арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Тарихи мешіттер жайлы деректі фильмдер түсіру де ойымызда бар», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев жеңімпаздарды анықтауда әділқазы мүшелерінің жұмысы жайлы баяндап, бағалау барысында шығарма авторы жайлы мәлімет берілмей, шифрлық негізде жүзеге асқанын жеткізді.
Марапаттау рәсімін жүргізген ҚМДБ Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров «Ислам және дәстүр» байқауына қаржылай демеушілік көрсеткен «Нұр-Қазақстан» және «Атлас» қажылық компаниясының басшыларына алғыс білдірді.
Салтанатты шара соңында жүлде иелері Бас мүфтимен естелікке суретке түсті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, үстіміздегі жылдың наурыз айының 5-ші жұлдызынан бастап, сәуір айының 25-не дейін жалғасқан шығармашылық бәйгенің жеңімпаздарын арнайы бекітілген сарапшылар анықтады. Асыл дініміз Ислам мен қазақы дәстүріміздің арасындағы тамыры тереңге тартқан тарих қойнауынан бері қарай қалыптасқан ата дәстүріміздің сабақтасып жатқандығын, сол дәстүрлеріміздің басым көпшілігі ақиқат дінімізден бастау алғандығын жан-жақты аша білген 13 шығарма іріктелді.
Шығармашылық бәйгенің жеңімпаздары:
1-ші орын: Нұрбол Құдайбергенов, «Абай» атындағы ҚҰПУ-нің 2 курс магистранты. 250 000 теңге иегері.
2-ші орын: Әділ Жәненұлы, «Нұр Қазақстан» университетінің түлегі. 150 000 теңге иегері.
3-ші орын: Роман Бұрқаш, «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің 3 курс студенті. 75 000 теңгенің иегері.
«Тың идея» номинациясы: Мұхат Балаубеков, тілші. 50 000 теңгенің иегері.
Ынталандыру сыйлықтарының иегерлері, 15 000 теңге:
1. Ару Сағиева
2. Ықыласхан Майланұлы.
3. Болат Мамытбеков.
4. Ұлан Ермекұлы.
5. Анар Жексембай.
6. Марфуға Шапиян.
7. Рахматулла Моллақанағатұлы.
8. Ақылбек Шаяхмет.
9. Қуанышбек Қазыбекұлы.
10. Жанат Оңғарбайұлы.