Байкерлер Балқаш көлінің жағалауын ластап кетті

АЛМАТЫ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Балқаш көліндегі «GOLD STRIM» демалыс аймағында Байкерлердің 3-ші халықаралық фестивалі аяқталды,

Байкерлер Балқаш көлінің жағалауын ластап кетті

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Бұл шараны ұйымдастырған «Атамекен» корпорациясы,  «Парасат» компаниясы және «Custom Sound MC», «My Town» мотоклубтары. Оған ұйытқы болып жүрген  Алматы қалалық мәслихатының депутаты, әлемді мотоциклмен шарлап жүрген  байкер   Дмитрий Петрухин.  Оның айтуынша, бұл фестивальдің  басты мақсаты - Балқаш көлінің мәселесіне БАҚ пен жалпы жұртшылықтың назарын аударып,  салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету. Алайда дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл шара биыл да өз  мақсатына қол жеткізе алмады. Оған жыл өткен сайын қатысушыларының саны айтарлықтай кеміп келе жатқаны айқын дәлел бола алады. Сондай-ақ   үш күндік сауық-сайраннан кейін көл жағалауында  жиналмай қалған  бөтелке, қағаз және азық-түлік тағамдарының қалдықтары  тау боп үйіліп қалды. Мұндай жағдай 2007, 2008 жылдары «Тұлпар» демалыс орнында да көрініс тапқан болатын.

         «Біздің демалыс орнымыздың ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Жұмыс енді ғана жолға қойылып келе жатыр. Менің негізгі мамандығым - оқытушы. Ұзақ жыл  мектепте сабақ бердім. Байкерлер фестивалін алғаш рет көріп отырмын.  Жалпы жұртшылыққа көрсететін   жақсы үлгі-өнегесін байқай алмадым. Енді олардың шашып кеткен қалдығын қашан және қалай жинап  шығуды ғана ойлап отырмын», дейді «GOLD STRIM» демалыс орнының директоры Бекетай Науанов.