Байқоңырда ресейлік бағдарлама бойынша оқыған түлектер ҰБТ-ға қатыса ала ма
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қазіргі күні Байқоңыр қаласында 11 мектеп бар. Оның 6-ы қазақстандық білім беру стандарты бойынша оқытады.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртайдың айтуынша, қаладағы барлық мектепте 7 390 оқушы білім алып жүр.
2 484 бала Ресей Федерациясының мектептерінде оқиды, оның 698-і — Қазақстан Республикасының азаматтары. Ал қазақстандық мектептерде білім алушылар саны — 4 906.
Осы орайда «Көрші елдің білім бағдарламасымен оқыған отандастарымыз ҰБТ-ға еш қиындықсыз қатыса ала ма?» деген сұрақ туындайды. Қайрат Нұртай Kazinform тілшісіне түлектердің тест тапсыруына еш кедергі жоқ екенін айтты.
— Ресейлік стандартқа сай білім алған қазақстандық мектеп түлектері ҰБТ-ға қалауынша қатыса алады. 2023 жылғы Үкіметаралық шешіммен екі елдің министрлігі келісімге келген еді. Келісім барысында Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін қосымша пән ретінде өту туралы ұсыныс мақұлданды. Мектеп бітіретін балалар бұл пәндерді қажетіне қарай меңгереді, яғни оларға таңдау еркіндігі берілген, — деді ол.
Еске салайық, мұның алдында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Kazinform тілшісінің «Жақын арада ғарышқа Қазақстан азаматы ұшуы мүмкін бе?» деген сұрағына жауап берген еді.