Жақын арада ғарышқа қазақстандық ұшуы мүмкін бе
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Kazinform тілшісінің бұл сұрағына Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай жауап берді.
Спикердің айтуынша, ғарышқа өз өкілін жіберу — мемлекет үшін, қазақ елі үшін үлкен мақтаныш. Бұл ретте біз аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеу жүргізген Қазақстанның үш өкілі — Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовпен мақтанамыз. Алайда, олардың орнын басатын адам әзірге көрінбейді.
— Қазіргі кезде жүргізіліп жатқан, жоспарланып отырған ғылыми зерттеулер үшін ұшыруға болар еді. Дегенмен, әзірге «ғарышкер дайындалып жатыр, осындай уақытта ұшады» деп айтуға әлі ерте, — деді ол.
Айта кетейік, 14 шілдеде екі ресейлік ғарышкер мен NASA астронавты мінген «Союз МС-29» ғарыш кемесі белгіленген орбитаға шығып, Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) бет алды.