Байқоңырға әуе рейсі ашылады – арнаулы өкілмен сұхбат

Биыл Қазақстан-Ресей арасындағы екіжақты байланыстың нығая түсетін кезеңі болмақ. Қос тарап Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өту, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы туризм әлеуетін ұлғайту секілді бастамаларды қолға алды. Осыны ескере отырып, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртаймен сұхбаттасқан болатынбыз.

Қайрат Нұртай
Фото: Қайрат Нұртайдың жеке мұрағатынан

– «Байқоңыр» ғарыш айлағы отандық туризмді дамытуға қаншалықты ықпал етіп отыр? Ғарыш айлағына турист тарту бағытында еларалық бастама бар ма? 

– Әрине, Байқоңырдағы туризмді түлету үшін кешенді жоспар керегі түсінікті. Бұл бағытта бірнеше жыл көлемінде ілкімді іс жүзеге асты. Қаланың туристік әлеуетін ұлғайту «Байқоңыр» кешенімен байланысты болғандықтан, басымдық ғарыш айлағына берілуде. Бүгінде үкіметаралық комиссияның шешімімен «Байқоңыр» кешенінде туристік қызметті қос тарап тең жүргізеді. Мысалы, Қазақстан тарапынан кешендегі туристік қызметті жүзеге асыру құқы «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны» АҚ мен «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына берілген. Ұйымдар аймақтағы туристік потенциалды пайдалана алатынына сенеміз.

Оған қоса Туризм және спорт министрлігі кешенде туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Қала мен ғарыш айлағына кіруге арналған рұқсаттаманы электронды форматта ресімдеу және «Байқоңыр» кешенінің туристік объектілеріне кіруге арналған өтінімді ұсыну мерзімін қысқарту мәселесі пысықталуда. Егер келісім жүзеге асса, айлақтағы 1-алаң және мұражай орналасқан 2-алаңға баратын туристің қатары артпақ.

Саладағы мәдени байланысты айтпай кетуге болмас. Өткен жылы қараша айында зымыран ұшыру кезінде заманауи киіз үй түріндегі қазақстандық бақылау пункті ашылды. Бұл – тарихтағы алғашқы мәдени қадам әрі шетелдік қонақтарды қайта келуге қызықтырудың төте жолы.

старт с Байконура
Фото: Роскосмос

 

– Бірнеше ай бұрын ҚР көлік министрлігі туризмді дамыту үшін Байқоңырға әуе рейсі ашылады деп мәлімдеді. Бұл бағытта ілгерілеу байқала ма? Алғашқы әуе қатынасы қашан орнайды?

– Бұған дейін Байқоңырға келетін туристерге әуе қатынасының болмауы қиындық тудырғаны рас. Олар облыс орталығы – Қызылорда қаласына ұшақпен келіп, Байқоңыр қаласына дейін пойыз немесе автокөлікпен жететін. Мұндай жол қатынасы шаһардағы туризмді дамытуға айтарлықтай кедергі болды. Өткен жылы «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының Х отырысында аталған мәселе талқыланды. Тараптар қазақстандық және ресейлік әуе тасымалдаушыларына Байқоңыр қаласына аптасына 14 тұрақты рейс орындау құқын беруге келісті. Осы уағдаластықты іске асыру мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Көлік министрлігі бірлесіп жұмыс істеуде. Алдағы уақытта Астана – Байқоңыр, Алматы – Байқоңыр және кері бағыттар бойынша тұрақты авиарейстер ашылуы ықтимал.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапары кезінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығына арналған шаралар жүзеге асатынын жеткізді. Келер жылы бұл бағытта қандай жобалар қолға алынады?

– Ел тарихында Байқоңыр қаласының маңызы ерекше. Екі мемлекет тарапынан шаһардағы тұрғындардың саяси-әлеуметтік ахуалы бақылауға алынған. Жыл бойы ұлтаралық достық пен ынтымақты насихаттайтын шаралар үзілген емес, алдағы уақытта да жалғасын табады. Соның бірі – Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының 70 жылдығын атап өту.

Өзіңіз атап өткендей, аталған мерейлі дата мемлекет басшыларының назарында әрі үкіметаралық байланыс шеңберінде жүзеге асуда. Қазір Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп дайындық жұмысы басталды. Іс-шара жоспары бекітіліп, республикасылық өнер ұжымдарының концерті мен спорттық сайыстар өткізу межеленді. Оған қоса өткен жылы «Роскосмос» МК басшылығының қатысуымен мерейтойды атап өтуге байланысты жиын ұйымдастырылды. Онда жергілікті билік пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері бой көрсетіп, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Айта кетерлік жаңалық, атаулы датаға орай облыс әкімдігі Байқоңыр қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізуде. Нысан құрылысы қала күні қарсаңында аяқталады.

30 лет аренды Байконура: чем владеет Казахстан сегодня
Коллаж: Kazinform

 

– Кейінгі жылдары «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы жұмыс орны азайып келеді. Үрдіс ғарыш айлағында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына қалай әсер етуде? Оларға балама жұмыс орнын ұсыну немесе әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Шаһарда 56 мыңға жуық тұрғын бар. Оның ішінде 39 815 адам – ҚР азаматы. 10 мыңға жуық қазақстандық ғарыш саласы кәсіпорындары мен Байқоңыр қаласы әкімшілігіне қарасты мекемелерде жұмыс істейді. Сондықтан аталған мәселе тым өзекті. Бастысы, халықтың әлеуметтік ахуалы үнемі назарда.

Жұмыспен қамту мәселесі мемлекеттік бағдарламалар аясында шешіліп келеді. Облыс әкімдігі жұмыс орнын құру мақсатында әлеуметтік нысан құрылысын жүргізді. Соңғы жылда 2 балабақша ашылды, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарлануда. Оған қоса кәсіпкерлікті дамыту, жаңа инвестиция тарту бағытындағы жемісті жұмыстар бар. Әсіресе, «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы бизнес секторын нығайту арқылы қосымша жұмыс орнын ашуды қарастырып жатыр. Мысалы, өткен жылы 57 ғимарат жалдан шығарылып, облыстық коммуналдық меншікке қабылданған болатын. Бүгінде нысандарды сенімгерлік басқаруға беру арқылы 300-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған.

– Байқоңыр қаласындағы инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу бағытында қандай жұмыстар жүргізілді?

– Байқоңыр қаласын дамытудың Ұзақ мерзімді бағдарламасы бар. Бұл бастама көптеген игі қадамға себеп болды десек, артық айтқандық болмас. Қызылорда облысы әкімдігі жалға беру қатынастары басталғаннан бері тиімді жұмыс істеп келеді. 2019 жылдан бері тартылатын мамандар мен қала тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 5 көппәтерлі тұрғын үй салынып, жаңа 7 «А» шағын ауданы құрылды. Қазіргі уақытта 3,7 млрд теңгеге тағы 5 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.

Қалада сумен жабдықтау және су бұру желісінің 85 пайызы тозған. Соған орай Қазақстан тарапы биылдан бастап 12,6 млрд теңгені құрайтын жобаны қолға алды. Жоба аясында 94,6 шақырым су құбыры және 84,6 шақырым кәріз желісі жаңарады. Сондай-ақ Байқоңыр қаласының әкімшілігі қаланың жылуэлектрстанциясын негізгі отыны мазуттан табиғи газға ауыстыру жұмысын бастады. Жоба 2027 жылы аяқталады деген жоспар бар. Бұл өз кезегінде жылу энергиясына арналған тарифтерді тежеуге мүмкіндік бермек.

Соңғы жаңалықтар