11:24, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Байқоңыр халық санағына дайын
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Байқоңыр қаласы Қызылорда облысының құрамында Қазақстан Республикасының халық санағына қатысады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Байқоңыр» ғарыш айлағының ресейлік әкімшілік орталығындағы қазақстандықтардың санағын жүргізудің дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқаны жайлы ҚазАқпарат тілшісіне Байқоңыр қаласының Өзін-өзі басқару қоғамдық кеңесінің төрағасы Михаил Москалев әңгімелеп берді. - Михаил Трофимович, қаланың Қоғамдық кеңесі «Байқоңыр» кешенінің аумағында қазақстандық және ресейлік барлық деңгейдегі сайлауды, халық санақтарын ұйымдастыруға және өткізуге атсалысатыны белгілі. Бұл жолғы халық санағына дайындық қалай? - Иә, 1995 жылы «Байқоңыр» кешенін жалдау жағдайында қала тұрғындарының өкілді билік органы ретінде құрылған Байқоңыр қаласы тұрғындарының өзін-өзі басқару қоғамдық кеңесі барлық сайлау науқандарына атсалысып, ірі қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Екі халық санағын ? 1999 жылы қазақстандық санақты және 2002 жылы ресейлік санақты өткізуге атсалыстық. Өзімізге сеніп тапсырылған аумақта ақпан айының соңында өткелі отырған Қазақстан Республикасының халық санағына да белсенді дайындалудамыз. Осынау маңызды мемлекеттік науқанға дайындық Байқоңыр қаласында өткен жылдың ортасынан бері басталғанын айта кету керек. 2008 жылдың жазында Қызылорда облыстық әкімдігінің шешімімен Байқоңыр қаласында халық санағын ұйымдастыру және өткізу мақсатында облыстық департамент құрамында статистика бөлімі құрылған болатын. Осылайша, халық санағына дайындық жұмыстарына статистика бөлімі осыдан жарты жыл бұрын кіріскен. - Байқоңыр қаласы әкімшілігі бұған қаншалықты атсалысуда? - Қала әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцевтің шешімімен 2008 жылдың тамыз айында қала мэрінің орынбасары басшылық ететін, Қазақстан Республикасының халық санағына қолдау көрсету және санақты өткізуді ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Осынау жұмыс тобы төрағасының орынбасары ретінде мен, Байқоңырдың бүгінде халық санағын өткізуге сақадай сай екенін айта аламын. Қала аумағында 4 санақ бөлімі құрылды, олардың әрқайсысына сегіз-сегізден нұсқаушы-бақылаушылар бекітілді, қала бойынша 130 санақшы жұмыс істейтін болады. Санақты ұйымдастырушылар барлық қажетті нәрселермен: орын-жайлармен, көлікпен, телефон байланысымен қамтамасыз етілген. Жарнамалық жұмыстар жүргізілуде. - Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасы азаматтарының саны бойынша алдын-ала мәліметтер бар ма? - Естеріңізге сала кетейік, Байқоңыр қаласы айлақты жалдау жөніндегі халықаралық келісімдерге сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі болып табылады және жалға алу кезеңінде ол Ресей Федерациясының федералдық маңыздағы қала мәртәбесіне ие. Бүгінде қалада тұрып жатқан қазақстандықтар мен ресейліктердің саны шамалас. Науқан қарсаңында жүргізілген алдын-ала санақтар барысы көрсетіп отырғандай, қалада 37 578 Қазақстан азаматы тұрып жатыр. Осыдан 10 жыл бұрынғы халық санағының мәліметтерімен салыстырар болсақ, Байқоңырда қазақстандықтардың саны шамамен 20 пайызға артқан. - Халық санағы қалалық әкімшілікке не береді? - Қаладағы Қазақстан азаматтары бойынша жаңа статистикалық мәліметтер қала өкіметіне әрбір тұрғынның әлеуметтік жағдайы, тұрмысы бойынша объективті мәліметтер алуына мүмкіндік береді. Ал бұл жайт, біздің режимдегі қала үшін өте маңызды. Сондай-ақ, қала тұрғындарының жас шамасын, олардың нақты санын білу, қаланың демографиялық картасын жасау да өте маңызды. Мұның барлығы қалалық әкімшілікке өз жұмысын нақтырақ және дұрыс жүргізуге мүмкіндік береді, себебі Байқоңырда тұратын және жұмыс істейтін әрбір қазақстандық ? біздің қаламыздың тұрғыны. - Сұхбатыңызға рахмет.