«Байқоңыр» сияқты ғарыш кешені бар ел үшін өз азаматтарын ғарышқа ұшыра алмау - үлкен сын

АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов қазақ ғарышкерлерінің мәселесін көтеріп, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаның атына депутаттық сауал жолдады.

«Байқоңыр» сияқты ғарыш кешені бар ел үшін өз азаматтарын ғарышқа ұшыра алмау - үлкен сын

Депутат қасиетті қазақ жерінен адамзат баласы тұңғыш рет ғарышқа ұшқаны, біздің елімізде дүниежүзіндегі ірі ғарыш кешені болып табылатын «Байқоңыр» космодромы орналасқаны баршаға мәлім екенін айтып өтті.

Алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 1991 жылғы 2 қазанда және одан кейін Талғат Мұсабаевтың 1994 жылғы 1 шілдедегі ғарышқа сапарынан кейін қазақ азаматы ғарышқа ұшқан жоқ. 2003 жылдан бастап екі азаматымыз - Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов ғарышкерлікке кандидат ретінде Ресейдегі ғарышкерлер дайындайтын орталықта арнайы дайындықтан өткен. Бірақ аталған екі азаматымыздың ғарышқа ұшу мәселесі қаржы мәселесіне байланысты бүгінгі күнге дейін шешілмеген екен. Намысы бар, білімі бар, патриоттық сезімі бар осы екі қазақ азаматын ғарышқа ұшырса еліміз үшін үлкен абырой болар еді.

«Ғарыш кеңістігін игеру қызметі аса қымбат жоба екені белгілі. Дегенмен де оның мемлекетіміздің мүддесі үшін қажет екеніне ешкім күмән келтірмейді. Оның үстіне «Байқоңыр» сияқты ғарыш кешені бар ел үшін өз азаматтарын ғарышқа ұшыра алмау - үлкен сын. Сондықтан Сізден мемлекетіміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында 2003 жылдан бастап арнайы дайындықтан өткен азаматтарымыз М.Аймаханов пен А.Айымбетовты ғарышқа ұшыруға Үкімет тарапынан қолдау көрсету мәселесін қарастыруды сұраймын»,- деді депутат Нұртай Сабильянов.