Байқоңырда 1 сәуірден бастап зейнетақыны кезекті индекстеу жүргізілді
БАЙҚОҢЫР. 2 сәуір. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 1 сәуірінен бастап елу пайызын қазақстандықтар құрайтын Байқоңыр тұрғындарының еңбек зейнетақылары 2012 жылға Ресей зейнетақы қоры (РЗҚ) табысының өсу индексі ескеріліп, қосымша индекстелді.
Бұған қоса, әлеуметтік зейнетақы көлемі ұлғайды, деп хабарлады Байқоңыр қаласы бойынша РЗҚ бөлімшесінің басқарушысы Вячеслав Заблоцкий.
«4500-ге жуық байқоңырлық зейнеткерлердің еңбек зейнетақысы 3,3 пайызға өсті, 1400-ден астам зейнеткердің әлеуметтік зейнетақылары - 1,81 пайызға өсті. Азаматтардың жеке санаттарына (ардагерлер, мүгедектер, радиация әсеріне және т.б. шалдыққан азаматтар) төленетін ай сайынғы ақша төлемдері (Қазақстандағы арнайы мемлекеттік жәрдемақының баламасы) 1 сәуірден бастап 5,5 пайызға индекстелген, бұл ұлғаю 454 адамға қатысты болды», - деді ол.
Зейнетақы бөлімшесі басшысының айтуынша, сәуірдегі кезекті индекстеудің нәтижесінде қарттық бойынша еңбек зейнетақысының орташа көлемі Байқоңырда бүгінгі күні 10 мың рубльді құрап отыр, бұл 50 мың теңгені құрайды. Салыстыру үшін: Қазақстанда зейнетақының орташа көлемі ағымдағы жылы болжам бойынша базалық зейнетақы төлемін есептегенде 42 мың теңгеден сәл ғана жоғары болады.
Байқоңыр қаласы бойынша РЗҚ бөлімшесі жұмысының ерекшелігі - 1996 жылғы 27 сәуірдегі РФ Үкіметі мен ҚР Үкіметінің арасындағы Байқоңыр қаласы тұрғындарының зейнетақы құқықтарының кепілдері туралы келісімге сәйкес, бөлімше Ресей және Қазақстан азаматтарына, сонымен қатар, қала аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғаларға зейнетақылық қызмет көрсетумен айналысатындығы болып табылады.
«Халықаралық құқықтың жалпыға ортақ қағидаларына сәйкес, аталмыш екіжақты үкіметаралық келісімнің әрекетіне байланысты, Байқоңыр аумағындағы қазақстандық зейнетақы заңнамасының нормалары белгілі бір санаттағы тұлғалар үшін қолданылмайды. Байқоңыр қаласында тұрақты тұрып жатқан Қазақстан азаматтарына зейнетақы Ресей заңнамасы бойынша тағайындалады. Зейнетақы жасы әйелдер үшін - 55 жас, ерлер үшін - 60 жас болып орнатылған», - деді В. Заблоцкий.