Байқоңырда «Зенит» кешеніне қатысты қандай жоспар бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «Зенит» және «Бәйтерек» зымыран кешендерінің тағдары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында депутат Евгений Козлов аталған нысандар туралы министрге сауал қойды.

«Өздеріңізге белгілі, ғарыш саласында қазақстандық-ресейлік ынтымақтастықты өрістету мақсатында өткен жылы Байқоңырда біздің елімізге 243 нысанды қамтитын «Зенит» зымыран кешені инфрақұрылымын өткізу қадамы жасалды. Осыған байланысты аталған кешенді бірлесіп пайдаланудан қандай нәтиже күтіп отырсыздар ? Сонымен қатар болашақта іске асырылатын жобалар туралы айтып берсеңіз», - деп сұрады депутат.

Өз кезегінде Асқар Жұмағалиев кейбір нысандар ғарыш бағдарламасына қатыспайтынын және олар әкімдік құзыретіне өтетінін атап өтті.

«Жаңа Сіз атап өткен нысандар Қазақстанның жалпы ғарыш саласын дамытуға өте қажет. Бүгінде біз «Бәйтерек» деп аталатын тиісті жобаны әзірлеп жатырмыз. Оны жаңғырту шараларына белгілі бір уақыт керек болып тұр. Қазіргі кезде Ресейдегі әріптестерімізбен техникалық-экономикалық негіздеменің барлық мәселелерін пысықтаудамыз», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда министр аталған техникалық-экономикалық негіздемелер аяқталғаннан кейін, бұл бағыттарды дамытуға қатысты шешімдер қабылдатанын жеткізді. Нақты «Зенит-М» жүйесін іске қосу мен «Бәйтерек» жобасын дамыту ескерілген.

«Берілген нысандар Қазақстанға өте үлкен қызмет көрсете алатынын, сондай-ақ еліміздің ғарыш саласын дамытуға үлес қосатынын жақсы түсінеміз», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Бұл құжатқа сәйкес, Байқоңырда қазақстандық меморгандар тізбесі тағы 10 құрылымға толығады.

Соңғы жаңалықтар