Байқоңырда жүргізіліп жатқан әлеуметтік мекемелердің құрылысы аяқталуға таяу
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы қалада ең алдымен 80 орындық перзентхана құрылысына аялдады. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға салынып жатқан құрылыс алдағы қазан айының соңында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, облыс басшысы ғарышты қаладағы 1200 орынға лайықталған орта мектеп пен 280 бүлдіршін тәрбиеленетін балабақша құрылысымен танысты. Білім ордасы қазан айында шәкірттерді қабылдайды деп күтілуде.
Байқоңырға іргелес қоныс тепкен Ақай ауылына барған аймақ басшысы биылғы жылы облыстық бюджеттен бөлінген 35 млн. 880 мың теңгеге қайта жаңартылған 4100 метрлік ауызсу жүйесін көріп, орташа жөндеуден өткен орталық Абай көшесінде аялдады. Сондай-ақ облыс әкімі тоғыз жолдың торабы атанған Төретам кентіндегі Құлқашев және Байсейітова көшелерінде жасалған жөндеу жұмыстарына назар аударды.
Облыс әкімі Болатбек Қуандықов сапарының соңында жалдық сипаттағы өңірде жұмыс жүргізетін отандық мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған жедел кеңестің кезекті отырысын өткізді. Басқосуда екі ел арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның Байқоңыр кешені бойынша кіші комиссиясының алдағы кезекті мәжілісінің күн тәртібіндегі кейбір сұрақтар жайында пікір алмасылды.