Байқоңырдағы қазақ мектептерін Қазақстанның қаржыландыруына беруге педагогтардың өздері қарсы болып отыр

АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Байқоңырдағы қазақ мектептерін Ресейден алып Қазақстанның қаржыландыруына беруге сол қаладағы педагогтардың өздері қарсы болып отыр.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «ҚР мен РФ арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тоқтала кететін жайт, келісім жобасын талқылау барысында депутаттар Байқоңыр қаласындағы ресей стандарты бойынша қазақ тілінде білім беретін мектептердің жағдайына алаңдаушылық білдірген еді. Қалада қазіргі таңда жалпыға білім беретін 14 мектеп жұмыс істесе, соның 6-уы қазақ тілінде оқытатынын мектеп екен. Дегенмен, бұл оқу ошақтарының барлығы Ресей тарапынан қаржыланатындықтан, сол елдің стандарттары енгізіліп отырғанға ұқсайды. Осыған орай, депутаттар бұл мектептерді Қазақстанның қаржыландыруына алу қажеттігін де көтерген болатын.

«Байқоңырдағы 6 қазақ мектебін өз балансымызға алып, қаржыландыру қажеттігі туралы мәселе орынды көтеріліп отыр. Бұндай ұсынысты біз бірнеше мәрте Үкіметке де енгізген едік, биыл тағы да бұл ұсынысты әзірледік. Есепке салсақ, Байқоңырдағы 6 қазақ мектебін қаржыландыруға бюджеттен 1 млрд. 530 млн. 533 мың теңге қаржы қажет етіледі. Дегенмен, бұнда назар аударатын тағы бір мәселе бар. Жалпы, осы мектептерді Ресейден алып, Қазақстанға беруге сол өңірдегі педагогика қауымдастығының өздері қарсы болып отыр. Ондағы себеп - жалақының айырмашылығына қатысты болып табылады. Мәселен, Қазақстандағы мектеп мұғалімінің жалақысы орта есеппен алғанда 37 мың 920 теңгені, яғни 252 долларды құрайды. Ал қазіргі Ресей қаржыландырып отырған мектептердегі қазақстандық мұғалімдер 17 мың ресей рублі, яғни 720 доллар көлемінде жалақы алады. Бұндағы жалақы айырмашылығы 3 есеге дейін жетіп отыр», деді жиын барысында Білім және ғылым министрлігінің өкілі.

Соңғы жаңалықтар