Байқоңырдан ғарыш кемесі қашан ұшырылатыны белгілі болды

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Байқоңыр ғарыш айлағында ғарыш кемесін кезекті ұшыруға дайындық басталды. Халықаралық ғарыш станциясынан «Прогресс МС-24» ғарыштық жүк көлігі ұшырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқоңырдан ғарыш кемесі қашан ұшырылатыны белгілі болды
Photo: Роскосмос

С.П.Королев атындағы «Энергия» зымыран-ғарыш корпорациясының Байқоңыр филиалының мамандары ғарыш айлағында 2022 жылдың желтоқсан айынан бері сақталған кемені қайта іске қосты, деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметінен. Ғарыш айлағы 254-ші алаңының монтаждау-сынау корпусында «Прогресс МС-24» ғарыштық жүк көлігін сыртқы тексеру және борттық жүйелердің жай-күйіне бақылау жүргізілді. Күн батареялары панельдерін орналастыру тетіктері тексерілді және алдағы электр сынақтарына жерүсті жабдықтары дайындалды.

«Прогресс МС-24» жүк кемесі бар «Союз-2.1 а» зымыран тасығышын ұшыру 2023 жылғы 23 тамызға жоспарланған. Байқоңыр ғарыш айлағынан бұған дейінгі ұшыру процесі 2023 жылдың 24 мамырында болды. Ол кезде ХҒС-қа «Прогресс МС-23» көліктік жүк кемесі аттанды.

Екі айдың ішінде ХҒС-қа станцияның және ғарышкерлердің өмірі үшін қажетті жүктері бар екі кеме жіберіледі. Қазір Халықаралық ғарыш станциясында 69-шы ұзақ экспедицияның экипажы жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында Роскосмос ғарышкерлері Сергей Прокопьев (ХҒС-69 командирі), Дмитрий Петелин және Андрей Федяев, NASA астронавттары Франциско Рубио, Стивен Боуэн, Уоррен Хобург және БАӘ астронавты Сұлтан Әл-Нейади бар.