Байқоңырдан «Протон-М» зымыран тасығышы ұшырылды

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 12 қыркүйегі күні, Астана уақытымен 01 сағат 23 минутта «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Амазонас-5» телекоммуникациялық спутнигі бар «Протон-М» зымыран тасығышы ұшырылды. Ғарыш айлағының шұғыл қызметтері мен Қазақстанның жерүсті арнайы қызметтерінің мәліметі бойынша, ұшырылым штаттық режімде өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Байқоңырдан «Протон-М» зымыран тасығышы ұшырылды

Зымыран тасығышынан ажырайтын бөлшектер белгіленген аумаққа құлады, 528-інші секундта «Протон»-нан үшінші саты штатты түрде ажырады. Ол «Амазонас-5» телекоммуникациялық спутнигі бар «Бриз-М үдеткіш блогын тіректі орбитаға шығарды. Ұшу циклограммасына сәйкес, ғарыш аппаратының геоөтпелі орбитаға шығарылуын одан әрі үдеткіш блок жалғастырады. «Амазонас-5»-тің мақсатты орбитаға шығуы 9 сағат 12 минутты құрайды. Ол діттеген жеріне 12 қыркүйек күні Астана уақытымен сағат 10.35-те жетуі тиіс.

Бұдан кейін телекоммуникациялық спутник басқару үшін тапсырыс беруші - испаниялық Hispasat компаниясына беріледі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Роскосмос сайтында зымыранның ұшырылымы және оған әзірлігі сағат 23:00-ден бастап (11 қыркүйек) онлайн көрсетілді.