Байқоңырдан таза отынмен жұмыс істейтін зымыран 2022 жылдан ұшырыла бастайды
АСТАНА. ҚазАқпарат -« Байқоңыр» ғарыш айлағынан таза отынмен жұмыс істейтін зымыран 2022 жылдан бастап ұшырылады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Федералды жиналысының Мемлекеттік думасы комитеттерінің кездесуінде Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан мен Ресейдің екіжақты ынтымақтастығы жайында айта келе, бірлескен ғарыш бағдарламасының қарқынды жүзеге асырылып жатқандығын атап өтпеске болмайды. Өткен жылы қол қойылған «Байқоңыр» кешеніндегі одан ары ынтымақтастық тұжырымдамасының және біздің мемлекет басшыларымыздың саяси ерік-жігерінің арқасында экологиялық тұрғыда таза отынмен жұмыс істейтін «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені құрылысының жобасы іс жүзінде жүзеге асырылу кезеңіне шықты», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Осы орайда Божко Сочидегі Қазақстан мен Ресей Президенттерінің кездесуі барысында экологиялық тұрғыда таза отынмен жұмыс істейтін зымыранды ұшыра бастау мерзімін 2025 жылдан 2022 жылға шегеру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.
«Осылайша, енді 5 жылдан кейін «Байқоңырда» барлық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа, экологиялық қауіпсіз зымыран-ғарыш кешені құрылатын болады», - деді ол.