«Байқоңырдан» ұшырылған кеме Тыва Республикасының аумағына құлады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Байқоңырдан» ұшырылған "Прогресс-МС-04"ғарыш кемесі 6 минуттан кейін байланыстан жоғалып, Халықаралық ғарыш стансысына жетпеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Роскосмостың» ресми сайтында жарияланған мәліметке сілтеме жасап.
«Роскосмостың» хабарлауынша, кеме ғарыш орбитасына жетпей Ресей-Моңғолия шекарасына құлады.
«382-інші секундқа дейін зымыран-тасымалдағыштың ұшырылымы штаттық режімде өтті. Ұшырылымның 382-інші секундынан кейін телеметриялық ақпаратты қабылдау үзілді. Штаттық бақылау құралдары кеменің орбитада қызметке кіріскенін тіркемеді», - делінген таратылған мәліметте.
«Алдын ала ақпаратқа сәйкес, штаттан тыс жағдайға байланысты көліктік-жүк кемесінің жоғалуы шамамен 190 шақырым биіктікте Тыва Республикасының адам жүрмейтін таулы территориясында орын алды. Және оның бөлшектерінің дені атмосфераның тығыз қабаттарында жанып кетті. Мемлекеттік комиссия қалыптасқан штаттан тыс жағдайға талдау жүргізуде», - деп хабарлады Ресейдің ғарыш агенттігі.
Корпорациядан атап өткендей, жүк кемесінің жоғалып кетуі Халықаралық ғарыш стансысының қалыпты қызметіне және стансыдағы экипаждың өміріне кері әсерін тигізбейді.