Байланыс министрлігі ұялы байланыс операторларын «интерконнект» бағасын төмендетуге шақырды

АСТАНА. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат - ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінде GSM халықаралық қауымдастығы, «Кар-Тел» ЖШС және ҚР Бәсекелестікті қолдау агенттігі өкілдерімен «интерконнект» (желіаралық қосылымдар) ақысын төмендету жөнінде кездесу өтті, деп хабарлады ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі..

Байланыс министрлігі ұялы байланыс операторларын «интерконнект» бағасын төмендетуге шақырды

Айтылған кездесу Байланыс және ақпарат министрлігінің ұялы байланыс қызметінің тарифтерін төмендетуге арналаған шаралар ауқымында өткен болатын. 2010 жылдың шілде айында министр Асқар Жұмағалиевтің Қазақстанның операторлар кеңесімен отырысында, компаниялар жақын арада «интерконнект» есептік ставкалары бойынша қызметтерінің бағасын төмендетуге арналған ұсыныстарын беруге уәде берген болатын.

Кездесудің басында Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы Р.Нұршабеков, желіаралық ұялы байланыс қызметтерінің ақысы 1999 жылдан бері өзгермей келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл ұялы байланыс қызметтерінің тарифтерін төмендетуге кедергі келтіреді.

Қазақстандағы желіаралық тарифтердің жоғары деңгейін халықаралық сарапшылар да қуаттап, оларды төмендетуге өз ұсыныстарын берді. Халықаралық тәжірибеде әртүрлі әдістер қолданылған. Кейбір елдерде төмендеу біртіндеп өтсе, басқаларында (Түркияда) жылдам өтті.

Кездесудің соңында, Р.Нұршабеков, министрлік операторлардан «интерконнект» ақысын төмендету туралы жалпы шешімдерін күтетінін айтты. Бұл мәселені шешуде, халықтың да, операторлардың да тілектерін ескере отырып, дұрыс шешімді табу қажет.