Байланыс нарығындағы қызметтер көлемі 9,1% артты
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылғы қаңтар-мамырда байланыс саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 485,3 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1% көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарағанда, байланыс қызметтерінің жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес интернет желісінің қызметтеріне тиесілі, ол 221,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 19,3% көп. Бұдан кейін ұялы байланыс қызметтері – 101,5 млрд теңге, онда қызмет көрсету көлемі өткен жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 5,3% кем болды.
Басқа телекоммуникациялық қызметтер бойынша көрсетілген қызметтер көлемі 100,8 млрд теңгені құрады.
Есепті кезеңде қалааралық және халықаралық телефон байланысының көлемі 10,9%-ға төмендеді - 6,8 млрд теңге.
Биылғы 5 айда жергілікті телефон байланысының көлемі 12 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3% аз.
2023 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы абоненттер саны: - тіркелген телефон желілері – 2,7 млн бірлік - ұялы байланыс абоненттері – 24,5 млн бірлік - интернетке қосылған ұялы байланыс абоненттері – 17,5 млн бірлік - тіркелген интернет абоненттері – 2,9 млн бірлік.