Байланыс операторы тарифтеудің жаңа үлгісін ұсынды
АЛМАТЫ. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда мобильді байланыс ақысы минутына 5 центті құрады.
Бұл туралы Қазақстанда Билайн сауда белгісімен жұмыс жасайтын «КаР-Тел» ЖШС-нің бас директоры Тарас Пархоменко бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
«Байланыс операторы тұтынушыларының абоненттік шоты соңғы жылдары тұрақты түрде азаюда. Тек оның құрылымы өзгеруде. Мәселен, мобильді байланыста алғашқыда СМС хабарлама жіберу қызметі болмады. Ол іске қосылған соң үлесі өсті. Одан кейін дыбысты СМС, интернет қызметтері енгізіле бастады. Бұлардың да үлесі артты.
"Жалпы мобильді байланыс қызметінің ақысы елдің жалпы ішкі өніміне де байланысты. Мәселен, Бангладеште байланыс ақысы минутына 1 цент тұрады. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы одан айтарлықтай жоғары Қазақстанда былтыр орташа алғанда 5 центті, ал біздің компанияда 3 центті құрады. Солтүстік Америка тұрғындары 2012 жылы мобильді байланысқа айына шамамен 870 минут жұмсаған. Азия-Тынық мұхиты аймағында - 300 минут. Біздің компанияда 200 минуттан асқан еді, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша биыл 280 минутқа жетті",- дейді Т. Пархоменко. Сондықтан олар енді лимитсіз байланыс топтамасын ұсыну арқылы өз қызметін қолданушыларды көбейтуге мүдделі болып отыр. Бұл тарифтеудің 6 қатары арқылы жүзеге аспақ. Онда тұтынушы айына 300, 600 немесе 1200 теңге төлей отырып, тиімді қызметтер топтамасына ие болады. Ал күніне 20, 30 немесе 50 теңге төлеу арқылы ай сайын қосымша 1200 минутқа дейін сөйлесе алады және 150 СМС-хабарлама жолдау мүмкіндігі мен 150 МБ интернет трафикке қол жеткізеді.