Байланыс және ақпарат министрі жемқорлық фактілері туралы өзінің жеке блогына жазуды сұрады
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев қазақстандықтарды жемқорлық фактілері туралы өзінің жеке блогына жазуға үндеді.
«Өзімнің бұрынғы қызметімде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысында ашықтық пен жылдамдықты қамтамасыз ететін жоспарларымызбен бөліскен болатынмын. Қайталағаным болар, бірақ сіздермен, оқырмандармен кері байланыста болу маған аса маңызды. Орталықтардың жұмысы бойынша ұсыныстарыңыз бен ескертулеріңіз жайында, жемқорлық әрекеттері туралы менің жеке блогыма жазуды сұраймын», - деп жазған Байланыс және ақпарат министрі.
«Айтпақшы, мен кеше Тwitter-де тіркелдім. Енді қолым босай қалған уақытта сіздермен идеяларыммен және бірінші ақпарат көздерінен алынған жаңалықтармен бөлісіп, қызықты оқиғаларға пікірлерімді жазатын боламын», - деп толықтырды ол.