Байланыс және ақпарат министрінің төрағалығымен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мемлекеттік тілдің қолданылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мемлекеттік тілдің қолданылуы» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Байланыс және ақпарат министрінің төрағалығымен  «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мемлекеттік тілдің қолданылуы» тақырыбында дөңгелек үстел  өтті

Республикалық және аймақтық БАҚ-ның редакторлары қатысқан басқосуда www.baq.kz порталы таныстырылды, деп хабарлайды аталмыш министрліктің баспасөз қызметі.

«Baq.kz порталын әзірлеудегі басты мақсат - интернет желісінде қазақ тілді БАҚ-тардың сайттарын көбейту және барлық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарын бір порталға топтастыру»,- деп атап өтті Асқар Жұмағалиев. Министрдің пікірінше, осындай орталықтандырылған каталог қазақ тіліндегі ақпараттардың желі ішінде тез тарауына ықпал етеді.

Бүгінгі басқосуға отыздан астам баспасөз ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, басқосу соңынан оларға Baq.kz порталымен жұмыс істеу бойынша арнайы семинар ұйымдастырылды.

Кездесуде қазақ тілін компьютерлік, ақпараттық бағдарламалар интерфейстерінде қолдану мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық өнімдердің интерфейстерін қазақ тіліне аударуды талап ету мәселесін қарастырып жатқаны белгілі болды.

Асқар Жұмағалиевтің пікірінше, вендерлер бағдарламаларды әзірлеуде және ақпараттық жүйелерді қалыптастыруда олардың интерфейстерін қазақ тіліне аударулары керек. Компанияның технологиялар саласындағы бірден бір жетістігі осыған да байланысты болмақ.

Дөңгелек үстел барысында министр мобильді телефондарда қазақ тілі қаріптерінің қолданылуына баса назар аударды. Бүгінгі күні Samsung, Lg және Nokia компаниялары өз телефондарына қазақ тілі қаріптерін енгізген. «Қалған өндірушілер осылардан үлгі алулары керек», - деп айтып өтті дөңгелек үстелге қатысушылар. Қазақ тілін меңгеріп, сол тілде сөйлеушілер саны күн сайын артып келеді. Сондықтан да, қазақ тілді қаріптер ескерілген телефондарға сұраныс та арта түсері анық.

Байланыс және ақпарат министрлігі бұл мәселені шешіп те қойды. Қазіргі күні мемлекеттік стандарттар жобалары әзірленіп, мобильді телефондарға қазақ тілін енгізу функциялары орнатылуда.

ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің Байланыс және ақпараттандыру комитетінің басқарма басшысы Гүлнәр Бөкееваның айтуынша, «әзірленіп жатқан мемлекеттік стандарттарда әр түрлі стандарттағы ұялы байланыс абоненттері стансыларының негізгі параметрлеріне техникалық талаптар қойылуда. Атап айтқанда, қазақ қаріптерін кодтау талаптары және олардың орналасу реттілігі, хабарламаларды қабылдау және жіберу.»

Жақын күндері Қазақстанда қазақ қаріптері қамтылған алғашқы планшеттік компьютер шығарыла бастайды. Жаңа қондырғыда қазақ тіліндегі құжаттарды қабылдау, хаттар жіберу секілді қызметтер қарастырылған.

Анықтама: «www.Baq.kz» -қазақ тілді БАҚ-ның сайттары топтастырылған платформа. Оны «Казконтент»АҚ барлық ақпараттық ресурстарды біріктіру мақсатында әзірлеген болатын. Тілек білдірген әрбір баспасөз ақпарат құралы сайттан өзінің бөлімшесін аша алады. Сайттың негізгі мақсаты - қазақ тілді БАҚ-ның рейтингін көтеру, Интернет желісіндегі қазақ тілді контент сапасын жақсарту.

АО «Казконтент»- «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің еншілес кәсіпорны болып табылады. «Казконтент» АҚ
құрудағы негізгі мақсат -Қазақстандағы басты ақпараттық Интернет жүйесінің дамыған ұлттық сегментін қалыптастыру, соның ішінде желілік ақпараттық ресурстарды дамыту, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды ұйымдастыру, осы саладағы инвестициялық және инновациялық белсенділікті көтермелеу болып табылады.