Байланыс және ақпарат министрлігі жақын аралықта Парламентке шетелдік БАҚ қызметін реттеуге бағытталған заң жобасын ұсынбақшы
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Жақында Парламентке «Телерадиохабар тарату туралы» заң жобасы ұсынылады. Онда негізінен Қазақстанға хабар тарататын шетелдік БАҚ қызметі реттелетіні көзделіп отыр.
Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті.
«Ақпараттық қауіпсіздік, оның ішінде ұлттық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру мәселесінде біздің министрлік бірқатар шараларды атқаруды жоспарлайды. Біз осы проблемадағы жағдайды зерттедік. Соған сәйкес, егер қазіргі таңда Қазақстанның ұлттық ақпараттық кеңістігі мәселесі туралы айтатын болсақ, онда біздің ұлттық телеарналарымыздың саны ондай кеңістікті қалыптастыру үшін мүлдем жеткіліксіз, бар-жоғы 52 ғана. Ал бұған қарсы шетелдік арналардың саны 220-дан асып кетеді. Бұдан бөлек, шалғайдағы ауылдар қазіргі таңда хабар-ошарды негізінен отандық БАҚ-тан емес, шекарамаңы мемлекеттерінен алып отыр. Шындығын айту керек, ондай түкпірдегі ауыл азаматтары бүгінгі мемлекеттің тыныс-тіршілігінен, ұстанған бағытынан, стратегиялық дамуынан да бейхабар десе болады»,- деді А. Жұмағалиев.
Министрдің айтуынша, бұл ретте ең алдымен Қазақстанда отандық ақпараттық лекті тұтастай қамтамасыз ету аса өзекті. «Осы мақсатта жерсеріктік телехабар тарату жобасы жүзеге асырылғалы отыр. Бұдан басқа, біз ұлттық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру бойынша жедел шараларды қолға алатын боламыз. Сонымен қатар, біз жақын аралықта «Телерадиохабар тарату туралы» заң жобасын Парламентке ұсынбақшымыз. Онда шетелдік БАҚ пен отандық БАҚ-тың қалай реттелетіні қамтылатын болады. Негізі бүгінгі таңда біздің қазақстандық БАҚ-қа қатысты олардың заң талаптары бойынша қызметі толық қамтылып отырса, шетелдіктер үшін ешқандай ереже де, тәртіп те жоқ. Осыны ескеретін боламыз», - деді министр.