Байланыс және ақпарат вице-министріне қатысты қылмыстық іс айыптау қортындысымен прокуратураға жолданды

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Байланыс және ақпарат вице-министріне қатысты қылмыстық іс айыптау қортындысымен прокуратура органдарына жолданды.

Байланыс және ақпарат вице-министріне қатысты қылмыстық іс айыптау қортындысымен прокуратураға жолданды

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің бұрынғы төрағасы, ал қазіргі кездегі Байланыс және ақпарат вице-министрі Н. Оразовқа, Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары С.Нұрахметовке, «Жүйелі зерттеулер институты» ЖШС-нің директоры Саировқа қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Оларға қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды, қызметтік жалғандық жасады және 25,1 млн. теңге бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айыптар тағылды», - деді ресми өкіл.

М.Жұманбайдың айтуынша, аталған қаражат 2007-2008 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Ш.Уәлихановтың шығармалар жинағы» мен «Әлем мемлекеттері» энциклопедиялық анықтамалығын дайындау мен шығаруға бөлінген және «Жүйелі зерттеулер институты» ЖШС-не заңсыз аударылған.

«Іс жүзінде мердігермен қызметтер атқарылмаған, ақшалай қаражат жалған актілерге қол қою арқылы ұрланған. Аталған туындыларды шығару бойынша шаралар қаржы полициясы органдарының араласуынан кейін ғана қолға алынды. Қылмыстық іс айыптау қорытындысымен прокуратура органдарына жолданды», - деді ол.