«Байлық салығы» прогрессивтік шкала қағидатымен жұмыс істеу керек - сарапшы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Жолдауында айтылған «Байлық салығы» прогрессивтік шкала қағидатымен жұмыс істеу керек.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Қуат Әкежанов сарапшылар кеңесінде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кейінгі 60 жылда дамыған елдердің бәрінде алым-салықтың прогерссивтік шкаласы жақсы нәтиже көрсетті. Ал бізде әлі біркелкі шкала қолданылып келеді. Яғни, бізде бәрі табыстың 10 пайызын ғана салықа төлейді. 150 мың теңге айлық алатын адам да, 5 млн теңге айлығы бар адам да 10 пайыз салық төлейді. Байлық салығы дегенде дәл осы прогерссивтік шкала іске қосылса, «еститін мемлекет» қағидатына сай шешім болар еді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сарапшы Жолдауда айтылған жаңа экономикалық саясаттың іске асуына сарапшылар қауымы да белсенді атсалысу керектігін атап өтті.
«Жолдау сарапшылар қауымына қауқарлы сигнал берді деп ойлаймын. Біз неғұрлым көп балама шешімдер ұсынуымыз керек. Әсіресе экономика саясаты «жаңа саясат» деген атына сай болуы үшін бас қатыруымыз қажет. Әуелі өз арамызда экономикалық тұрғыда жаңаша ойлау ұғымының мәнін түсініп алуымыз қажет. Кейінгі 20 жылда біздің жоғары оқу орындарында қаржы-экономика бағытындағы магистранттар мен докторанттарды алсақ та, «миын шаю» белең алды», - деді Қуат Әкежанов.