«Бәйтерек» 9 айда экономикаға 8,7 трлн теңге қолдау көрсетті – Қарағойшин
АСТАНА. KAZINFORM – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі биыл тоғыз айда экономикаға 8,7 трлн теңгеге қолдау көрсетті. Бұл жылдық жоспардың 90 пайызына тең. Бұл туралы Үкімет отырысында холдинг басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеді.
Оның айтуынша, көрсетілген қолдаудың 6,5 трлн теңгесі кәсіпкерлік блокқа тиесілі.
– Сондай-ақ, холдинг металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, өңдеу өнеркәсібі саласындағы ірі кәсіпорындарға, атап айтқанда, Qarmet 875 млрд теңге, «Қазақмыс» 326 млрд теңге, Qazaq Kalium 193 млрд теңге қолдау көрсетті. Сонымен қатар қолдау холдингтің даму институттары арқылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне де көрсетіліп жатыр, – деді ол.
Бұған қоса, жеңіл автомобильдер, болат, құбырлар, вагондар, жағармай, гофрокартон шығаратын өндірістік жобаларға да қолдау көрсетілген. Олар бойынша мақұлданған қаражатты игеру жалғасып жатыр.
Холдинг Қазақстан тұрғын үй компаниясы мен Қазақстанның даму банкі арқылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын қаржыландыруға да қатысады.
– Оның ішінде 554 млрд теңгеге 221 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, 356 млрд теңгеге 153 жобаға қол қойылды, 244 млрд теңгеге 144 жоба қаржыландырылды, – деді басқарма төрағасы.
Отандық өндірушілерді қолдау
Рустам Қарағойшин қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатуға да қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Оның дерегінше, ҚазАгроҚаржы берген ауыл шаруашылығы техникасының лизингі 374 млрд теңге болды. Оның ішінде 330 млрд теңгесі немесе 88 пайызы қазақстандық техникаға берілген. Атап айтқанда, тракторларға 133 млрд теңге, комбайндарға 126 млрд теңге, өзге де техникаларға 71 млрд теңге бөлінді.
– Сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қоры 416 млрд теңгеге техниканы толықтай қазақстандық өндірушілерден сатып алды. Олардың қатарында вагондар – 192 млрд теңгеге, автобустар – 68 млрд теңгеге, арнайы техника – 113 млрд теңгеге, өзге де техникалар – 43 млрд теңгеге бар. Ал Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі арқылы 570 млрд теңге сомасына 86 экспорттаушыға қолдау көрсетілді, – деді ол.
4,7 трлн теңгелік 30 жоба Инвестициялық кеңеске ұсынылады
Басқарма төрағасының айтуынша, холдинг қазір инвестициялық қызметті де жүзеге асырып жатыр.
– 24 қарашада өтетін Инвестициялық кеңестің қарауына 4,7 трлн теңгені қажет ететін 30 жобалық жоба дайындалып жатыр. Оның ішінде 243 млрд теңгеге импорт алмастыру бойынша 6 жоба, 329 млрд теңгеге экспортқа бағдарланған 7 жоба, 1,3 трлн теңгеге импорт алмастыру және экспорт бойынша 5 жоба, 2,8 трлн теңгеге 12 ірі инфрақұрылымдық жоба бар, – деді Рустам Қарағойшин.
Сонымен қатар жаңа өндірістер үшін «инвестицияларға тапсырыс» жобалар пулы қалыптастырылған. Онда 7,6 трлн теңгеге 282 жоба бар.
Бүгінде холдингтің еншілес ұйымдары 777 млрд теңгеге 48 жобаны қаржыландырып жатыр. Оның ішінде 34,5 млрд теңгеге 44 жоба агроөнеркәсіптік кешенге, 727 млрд теңгеге 2 жоба тау-кен металлургия кешеніне, 15,8 млрд теңгеге 2 жоба машина жасау саласына тиесілі.
Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен жобалары сүт өнімдері, қант, қант қызылшасы, жем, жұмыртқа, құс еті, ет өнімдері, май және майлы дақылдар өндірісін қамтиды. Ал тау-кен металлургия кешеніндегі жобалар мыс кендері мен болат өнімдеріне, машина жасау саласындағы жобалар теміржол құю және жылу алмасу жабдықтарына қатысты.
Импортты алмастыруға басымдық беріледі
Ол холдингтің елішілік құндылықтың аналитикалық автоматтандырылған жүйесін әзірлегенін айтты. Бұл жүйе қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімімен, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ мен Қаржы министрлігінің сатып алу платформаларымен интеграцияланған.
Оның түсіндіруінше, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен интеграция жобаларды талдау кезінде қарсы міндеттемелердің әділ көлемін анықтауға мүмкіндік береді.
– Инвестициялық жобаларды қарастырған кезде, «Бәйтерек» холдингінің компаниялары жобаны іске асыруға қажет тауарлардың аталған жобаларда болуына сараптама жүргізеді. Нәтижесінде, қарыз шартында отандық тауар өндірушілерден тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу туралы әділ қарсы міндеттемелерді белгілейді, – деді ол.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ-мен және Қаржы министрлігімен интеграция квазимемлекеттік және мемлекеттік компаниялардың тұрақты сұранысын анықтауға мүмкіндік береді.
Жалпы қажеттілікті қазақстандық өндірушілер тізілімімен салыстыру нәтижесінде импортты алмастыратын салалар анықталады. Бұрын Қазақстан аумағында өндірілмеген өнімді жергілікті жерде дамыту және қаржыландыруда дәл осы жобаларға басымдық беріледі.
Импортты алмастыру үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың тұрақты сұранысы ескеріліп, өңдеу өнеркәсібінің 22 саласы бойынша 861 өнім түрі қамтылған.
Бұдан бөлек, холдинг клиенттер өндірген тауарлар каталогын жасаған. Онда 526 қазақстандық өндірушінің 2 385 тауары бар.
– Осылайша, холдинг қазіргі клиенттеріне жаңа жобалардың өнімдерін ұсынады. Ағымдағы жылдың соңына дейін тауарлар санын 3 500 позицияға жеткізу жоспарланып отыр. Холдинг каталог тауарларын Қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізу бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр, – деді басқарма төрағасы.
Оның мәліметінше, тоғыз ай ішінде холдингтің жасалған сатып алу шарттары бойынша елішілік құндылық 71 пайыз болған.
Рустам Қарағойшин қазақстандық өндірісті қолдау жүйесі жобаның барлық кезеңін қамтитынын атап өтті. Жобалардың идеясы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың импортқа деген тұрақты сұранысы, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба мен холдингтің инвестициялық дирекцияларының сұранысы негізінде қалыптасады.
Инвестиция кезеңінде қаржыландырумен бірге қазақстандық өндірушілерден сатып алу бойынша қарсы міндеттемелер қабылданады, сондай-ақ холдингтің клиенттері тартылады. Ал өнімді пайдалану кезеңінде ішкі нарықтағы лизинг, экспортты қолдау және холдингтің клиенттеріне өнімді ұсыну арқылы тауарларды өткізуге жәрдем көрсетіледі.
Айта кетейік, Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі қаралды.