«Бәйтерек Девелопмент» АҚ жемқорлықпен күрес шараларын жария етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылғы маусымда «Бәйтерек Девелопмент» АҚ «Нұрлы Жол» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша объектілердің құрылысына қатысты құжаттардың өту рәсімін зерделеуге және талдауға кірісті. Шарттарды жасасу кезінде «делдалдық» қызметтер ұсыну түріндегі проблемалардың болуы жөнінде құрылыс салушылардың шағымдарына байланысты компания қабылданатын шешімдердің айқындылығын қамтамасыз етудің жаңа алгоритмін әзірледі, деп хабарлады «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдинг» АҚ баспасөз қызметі.

«Бәйтерек Девелопмент» АҚ жемқорлықпен күрес шараларын жария етті

Ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде «Бәйтерек Девелопмент» АҚ Астана қаласында 44 құрылыс компаниясының өкілдерімен кеңес өткізді. Оның барысында құрылыс салушылардың барлық өтініштері, атап айтқанда, пәтер не ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік бағдарламаға қатыстыруға уәде беретін «кеңесшілердің» болуына шағымдар егжей-тегжейлі талқыланды. 

Өз кезегінде, компания мердігерлерді жемқорлықтың тіпті шағын фактілеріне төзбейтіндігін, мәмілелер жасау кезінде шешімдерді қабылдауда ашық тәсілді қолданатынын, сондай-ақ арнайы жедел байланысты іске қосатынын мәлімдеді.

«Бәйтерек Девелопмент» АҚ адам факторын және сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында барлық шешуші бизнес-процестерді автоматтандыруға кірісті.

Бүгінгі күні «Бәйтерек Девелопмент» АҚ кеңсесінде келіссөздер жүргізу үшін әйнекті кабинет жабдықталды және ол келіссөздерді жазатын барлық қажетті аудио, бейне аппаратурамен жарақтандырылған. Қызметкерлерге бейтарап жерде ресми келіссөздерді жүргізуге тыйым салынған.

Жобаларды қарау мен іріктеу, шарт талаптарын орындау бизнес-процестерінің, ақы төлеу, тұрғын үйді пайдалануға беру, сондай-ақ жалға берілетін және несиелік тұрғын үйді сату және бөлу рәсімдерінің техникалық карталары әзірленді және енгізілді. Бұл карталарды «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның ресми сайтынан ашық көруге болады.