«Бәйтерек» холдингінің кредиттік портфелі триллион теңгеге жақындады
АСТАНА. ҚазАқпарат -«Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ компаниялар тобының кредиттік портфелі 979 млрд теңгені құрап отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының депутаттарымен кездесуі барысында «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев осылай мәлім етті.
Басқарма төрағасының сөзіне қарағанда, холдингтің активтері 2013 жылдың басынан бері 251 миллиард теңгеге артып, 2,1 триллион теңгеге жеткен. 2014 жылдың 8 айында кредитік портфель 979 миллиард теңгені құрады, бұл біздің барлық компаниялардың жиынтық көрсеткіші. Бұл ретте Қазақстанның Даму банкіне қарасты тұрғын үй, ипотека, өнеркәсіптік заемдарды қоса алғанда кредиттік портфель өсімі 478 миллиард теңгені құрады. Ал жүзеге асырылған тікелей инвестициялар санын білдіретін инвестициялық портфель 9,3 миллиард теңгеге артып, 2014 жылдың 8 айында 28,3 миллиард теңгеге жетті», - деді Қуандық Бишімбаев. Оның сөзіне қарағанда, аталған көрсеткіштердің өзі холдинг құрылғаннан бергі компанияның белсенділігі артып отырғанын аңғартады.