Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Бәйтерек» коммуналдық секторды жаңғырту жобаларын 1 қыркүйекке дейін қаржыландыруы қажет – Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» холдингіне «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» бойынша барлық жобаны қаржыландыруды жеделдетуді тапсырды.

Олжас Бектенов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Үкімет отырысында Олжас Бектенов инвестициялық жобалардың жүзеге асуы қаржы институттары тарапынан қаражаттың уақытылы бөлінуіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

– «Бәйтерек» холдингі осы жылдың соңына дейін мәлімделген барлық жобаларды биылғы 1 қыркүйекке дейін дереу қаржыландыруды қамтамасыз етсін, – деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы 2027 жылға арналған жобаларға дайындықты қазірден бастау қажеттігін айтты. 

– Барлық өңір әкімдіктері биылғы 1 қыркүйекке дейін 2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша Ұлттық жобаның электрондық платформасына тиісті өтінім жіберіп, оларды мүдделі тараптармен келісуді қамтамасыз етсін, – деді О. Бектенов.

Ал ұлттық жоба аясындағы барлық конкурстық рәсімдерді биылғы 1 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Еліміздегі бүкіл базалық инфрақұрылымның ауқымды құрылысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және экономиканың одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. 

Қазақстанның коммуналдық секторын жаңғыртуға 6 халықаралық қаржы институты көмектеседі.

Биыл елімізде 1,1 трлн теңгеден астам қаржыға 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді.