«Бәйтерек» монументі алаңында астаналық түлектердің мерекелік шарасы өтіп жатыр

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Бүгін елімізде барлық мектеп бітіруші түлектердің құрметіне соңғы қоңырау соғылды. Осыған орай «Бәйтерек» монументі алаңында Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның қатысуымен астаналық мектеп түлектеріне арналған мерекелік шара өтіп жатыр.

«Бәйтерек» монументі алаңында астаналық  түлектердің мерекелік шарасы өтіп жатыр

Айта кетелік, биылғы жылы 3500-ге жуық бала мектеп бітіріп отыр. Олардың арасында болашағынан зор үміт күттіретін 170 -ке жуық «Алтын белгіге» үміткерлер бар. Мектеп бітіруші түлектерді алда Ұлттық бірыңғай тестілеудің сындарлы сағаттары күтіп тұр. Аида Балаева түлектерге арналған құттықтау сөзінде еліміздің жастарға ерен үміт артып отырғандығын ескертіп, алдағы сынақтардан сүрінбей өтулеріне тілектестік білдірді.

«Биылғы соңғы қоңырау ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сіздер егеменді еліміздің тарихындағы жиырмасыншы мектеп бітіруші түлектерсіздер, бұндай сәйкестіктің өзі барлықтарыңыздан зор сенім мен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазір білім мен ғылымның заманы. Әлемдік көштен қалмас үшін бүгінгі уақыт талабына сай болу шарт. Сол үшін де Елбасымыз жастарға қажетті жағдайларды жасап келеді. Барлықтарыңызға сәт сапар тілеймін», - деді шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Аида Балаева.

Шара «Бәйтерек» тобының, астаналық Көңілділер мен тапқырлар клубының және өзге де өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен ұштасқан көңілді мерекелік мәдени шараға жалғасып жатыр.