«Бәйтерек» монументінің авторы қайтыс болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның құрметті сәулетшісі, «Астана-Бәйтерек» монументінің авторы Ақмырза Исаұлы Рүстембеков өмірден озды. Қайғылы қаза жайлы «Алматыгенплан» ҒЗИ хабарлады.

«Бәйтерек» монументінің авторы қайтыс болды

«2020 жылдың 29 шілдесінде Қазақстан сәулетшілер одағының президенті Ақмырза Исаұлы Рүстембеков қайтыс болды», - делінген хабарламада.

Ақмырза Рүстембеков - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Шығыс елдерінің Халықаралық сәулет академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының құрметті профессоры, Ресей сәулетшілер одағының құрметті мүшесі, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі.

«Астана-Бәйтерек» нысаны үшін ол ТМД елдерінің сәулетшілер одағының Халықаралық қауымдастығының X-ші халықаралық байқауында Гран-при мен алтын медальға ие болды. 2003 жылы Софиядағы Бүкіләлемдік сәулет Триенналының күміс медалін, 2003 жылы Бішкектегі Сәулет фестивалінде Гран-при және Қырғыз Республикасы Сәулетшілер одағының алтын медалін иеленді.