«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ ел экономикасын қолдау мақсатында 3,5 трлн теңге бөледі

Экономика
Фото: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ

АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметтің экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары шеңберінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан экономикасына шамамен 3,5 трлн теңге сомасында қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлімдеді.

«Үкімет«Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингтерінің, ішкі капитал нарығының ресурстары мен қаражатын, экономика үшін басым жобаларды қаржыландыруға тікелей шетелдік инвестициялар мен жеке капиталды белсенді түрде тартады. «Бәйтерек» желісі бойынша ағымдағы жылы 3 трлн теңгеден астам сомаға жобаларды қаржыландыру жоспарлануда», - деп толықтырды Олжас Бектенов.

Қолдаудың негізгі бөлігі тікелей қолдау құралдары арқылы көрсетілетін болады, оған 2,8 трлн теңге бөлінеді. Бұл қаражат келесідей бөлінеді:

  • экономиканың нақты секторының жобаларын қаржыландыру: шамамен 1,4 трлн теңге;
  • көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қоса алғанда, агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыру: 0,5 трлн теңгеден астам;
  • тұрғын үй блогын қолдау: шамамен 0,4 трлн теңге;
  • «Наурыз» және «Отау» ипотекалық бағдарламаларын іске асыру: 0,4 трлн теңге;
  • экспорттаушылар мен шағын және орта бизнес субъектілерін (ШОБ) қолдау: 32 млрд теңге.

Бұдан басқа, кепілдік беру, субсидиялау және сақтандыру сияқты жанама қолдау құралдары арқылы 700 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетін болады:

  • инвестициялық жобалар мен ШОБ жобалары бойынша кепілдіктер беру: 150 млрд теңгеден астам;
  • ШОБ субъектілеріне субсидиялар беру: шамамен 300 млрд теңге;
  • экспорттық операцияларды сақтандыру: шамамен 300 млрд теңге.

Бұл бастама экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және Қазақстан экономикасының негізгі секторларында өсуді ынталандыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар
telegram