Базалық мөлшерлеме не себепті төмендетілмеді

АСТАНА. KAZINFORM – Базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдауға инфляция әсер еткен. Бұл жайлы Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов айтты. 

ҰБ басшысы
Фото: Ұлттық банк

Оның айтуынша, былтыр жылдық инфляция 8,6%-ке жеткен. Оған қызметтер мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар көптеп үлес қосқан. Азық-түлік инфляциясы бір жылда тұрақты болғанымен, соңғы екі айда үдей бастаған. 

— 2024 жылғы желтоқсанда азық-түлік тауарларының бағасы 5,5% өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 8,3%-ке дейін жеделдеді. Ақылы қызметтер инфляциясы 13,3% деңгейінде тұрақтанды. 

Ал реттелетін коммуналдық қызметтердің бағасы жылдық көрсеткіште 21,1%-ке өсіп, нарықтық қызметтер инфляциясы 11,5% болды, - деді ол.

Сондай-ақ, ҰБ басшысы өткен жылғы желтоқсанда айлық инфляция 0,9% белгісінде тұрақтанып, орташа тарихи көрсеткіштерден жоғары қалыптасқанын атап өтті. 

— Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляцияның көрсеткіштері де жеделдеп, шілдедегі ең жоғары мәндерге жетті. Жаз кезіндегі көрсеткішке қарағанда қазіргі өсім сервистік компонентпен қатар азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының тез өсуіне байланысты. Компоненттер бөлігінде ішкі сұраныстың ұсыныс мүмкіндігінен де асып түсуіне қарай инфляциялық қысым артып келеді, - деді Тимур Мұратұлы. 

Сондай-ақ ол халық пен сарапшылардың инфляцияға болжамы да осы ұстанымның дұрыстығын көрсететін атап өтті.

Теңге бағамының әлсіреуі аясында халықтың инфляциялық күтулері желтоқсанда 14,6%-ке дейін көтерілді. Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары өз бағалауларында ұстамдылықты сақтайды. Соңғы сауалнамаға сәйкес нарық қатысушылары инфляцияны 2025 жылдың соңына қарай 7,5% деңгейінде болжайды. Бұл алдыңғы бағалаудан 6,9% жоғары. Сарапшылар мен халықтың пессимистік бағалауы және инфляцияның тұрақсыз баяу қарқыны ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын одан әрі ұстап тұру қажет екенін көрсетеді, - деп түйді сөзін ҰБ басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк жаңа базалық мөлшермелені белгілегенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар