Базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін өзгеруі мүмкін бе
АСТАНА. KAZINFORM — Таяуда жылдық инфляция статистикалық мәнде қарқын алуы мүмкін. Бұл туралы елордада өткен брифингіде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.
- Реттелетін тарифтер бойынша былтырғы төмен база әсерінен жыл соңына қарай жылдық инфляция сәл қарқын алуы мүмкін екеніне айрықша тоқталғым келеді. Былтырғы қазаннан бастап коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий қолданылғанын еске сала кетейін, оның аясында 2025 жылғы 4-тоқсанда коммуналдық тарифтер 14%-ке төмендеді. Сөйтіп, «төмен база» қалыптасты. Бұл бүгінгі бағаны былтырғы мәндермен салыстырғанда, статистикалық тұрғыдан көрсеткіштердің жоғары екенін білдіреді. Осылайша жақын айларда жылдық инфляция статистикалық мәнде қарқын алуы мүмкін. Алайда Ұлттық банк реттелетін бағалар реформасының тікелей әсеріне базалық мөлшерлемені көтерумен жауап қатпайды. Бұл ретте жанама әсерлер мұқият қадағаланып, олар байқалған жағдайда тиісті шаралар қабылдаймыз. Қазіргі тәуекелдер балансын ескерсек, базалық мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін өзгерту ықтималдығы төмен, - деді Т. Сүлейменов.
Осы орайда ол бұдан кейінгі әрбір шешім макроэкономикалық деректер, дезинфляциялық процестердің тұрақтылығын бағалау, инфляция динамикасы және тәуекелдер балансы негізінде қабылданатынын айтты.
- Біз ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуді, жанар-жағармай және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері нарығындағы жағдайды, сондай-ақ фискалдық және квазифискалдық ынталандыру ауқымын бағалауды жалғастыратын боламыз. Ақша-кредит саясатын жүргізуде сақтық шараларын негізге аламыз. Біздің міндетіміз – бағаның өсуін уақытша бәсеңдету емес, 2027 жылы инфляцияны 6,5-8,5% дәлізіне дейін орнықты түрде төмендетіп, 2028 жылы 5 пайыздық мақсаттық деңгейге жеткізу, - деді ҰБ басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.