Базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңге бағамына әсер етпейді – Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің 17%-ға дейін төмендеуі теңге бағамының әлсіреуіне әкелмейтінін мәлімдеді.

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңге бағамына әсер етпейді – Ұлттық банк
Фото: Қазақстан Ұлттық банкі

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңгелік активтерге деген сұранысқа әсер етпеуі тиіс. Сондықтан халық пен инвесторлардың теңгеге деген қызығушылығы сақталады.

– Теңгелік депозиттер, корпоративтік облигациялар, мемлекеттік және квазимемлекеттік бағалы қағаздар бұрынғыдай тиімді болып қала береді. Соның нәтижесінде теңгелік активтерге сұраныс төмендемейді, ал теңге бағамы айтарлықтай өзгермейді, - деді ол.

Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы жазғы маусымда шетел валютасына сұраныс дәстүрлі түрде артатынын атап өтті. Бұған мемлекеттік сатып алулардың жандануы мен азаматтардың демалыс кезеңінде шетелге жиі шығуы әсер етеді.

– Жылдың басында шетел валютасына сұраныс әдетте төмен болады. Себебі бюджет қаражатының игерілуі мен мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің аяқталуына белгілі бір уақыт қажет. Ал жазға қарай тендер жеңімпаздары анықталып, кәсіпорындар доллар сатып алу үшін нарыққа шыға бастайды. Бұл – жыл сайын қайталанатын қалыпты маусымдық құбылыс, - деді Ұлттық банк төрағасы.

Осы тұста Тимур Сүлейменов ұлттық валютаның тұрақтылығына негіз болатын факторлар сақталып отырғанын да айтты.

– Жыл басында мұнайдың бір баррелі 65-67 доллар шамасында болса, қазір оның бағасы 100 долларға жуықтады. Металл бағалары да өсті. Бұл экспорттан түсетін валюталық түсімнің артуына мүмкіндік береді. Сондықтан сыртқы нарықтарда күтпеген өзгерістер болмаса, теңге бағамының әлсіреуіне негіз жоқ, - деді ол.

Еске салайық, 5 маусымда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұған дейін мөлшерлеме алты айдан астам уақыт бойы 18 пайыз деңгейінде сақталған еді.