Базалық мөлшерлеме түсуі мүмкін бе

АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сауда және интерграция министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде базалық мөлшерлемені түсіру мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Базалық мөлшерлеме түсуі мүмкін бе
«Базалық мөлшерлеме бойынша айтсақ, былтыр бағаның өсуіне базалық мөлшерлеменің ешқандай қатысы болған жоқ. Біз базалық мөлшерлемені көтергенін дұрыс деп есептейміз. Өйткені инфляциялық болжам деген ұғым бар. Ол болжамдар кейбір объективті факторлардан бөлек үлкен инфляциялық процестерді туындатады. Нарықтағы ойыншылар инфляция болса, базалық мөлшерлеме өсуі керектігін түсінеді. Ал мұндай жағдайда базалық мөлшерлеме өспесе, инфляция одан әрі өршиді. Бұл инфляциялық болжамдармен тығыз байланысты. Сондықтан базалық мөлшерлеменің кезекті рет өсуі дұрыс болды деп ойлаймын», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол былтыр наурыз айында базалық мөлшерлеменің өскенін еске салды. Соның инфляцияға тигізетін әсері биыл наурызда көрініс табу керек.

«Былтыр наурызда біз базалық мөлшерлеменің өскенін көрдік. Биыл осы кезеңде бастап бизнестің несие алуы үшін базалық мөлшерлемені төмендету қажет болады», - деді Премьер-Министр.
Еске салсақ, өткен жылдың соңында Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін көтеріп 16,75% деп белгілеген болатын.