Базалық мөлшерлемені көтеру кредиттеу қарқынына теріс әсер еткен жоқ - ҰБ

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып, елдегі жоғары базалық мөлшерлеме кредиттеу қарқынына айтарлықтай теріс әсер етпегенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Базалық мөлшерлемені көтеру  кредиттеу қарқынына теріс әсер еткен жоқ - ҰБ

«Жоғары базалық мөлшерлеменің кредиттеу қарқынына елеулі теріс әсері байқалмайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктерден экономикаға берілген кредиттер 22,8 трлн теңге болды. 2022 жылғы өсім – 23,3%. Заңды тұлғаларға берілетін кредиттер де 11,5%-ға 8,7 трлн теңгеге дейін өсті. Оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін кредиттер 22,8%-ға 4,5 трлн теңгеге дейін өсті», - деп жазылған жауапта.

Ұлттық банк мәліметі бойынша қазіргі ақша-несие саясаты нақты сектордың даму параметрлерін бәсеңдетпеген.

«Алдын ала деректер бойынша 2022 жылы Қазақстанның жалпы ішкі німінің өсімі 3,1% болды. Кәсіпкерлік белсенділік артып келеді. Мысалы, 2022 жылы 507 мың кәсіпорын тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3% артық. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны да 13,2% өсті», - деп жазады Ғалымжан Пірматов.