«Базарды қаншаға сатып алуға болады?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 17 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бүгінде төрткүл дүниеде медициналық туризм кең қанат жаюда. Өйткені, сапалы медициналық көмек іздеген жағдайы бар қалталы азаматтар өркениетті, дамыған елдерге барып білікті кәсіби ем алу мүмкіндігіне ие болуда. Мәселен, диагнозды анықтау және емделу үшін (диагностикалық туризм) АҚШ тұрғындары Таиланд, Үндістанды пайдаланса, ТМД елдері Австрия, Швейцария, Германия, Сингапур, Оңтүстік Кореяның медицина қызметтерін пайдалануда. Бұған дейін қазақстандықтар да кардиология, нейрохирургия, мүшелерге трансплантация жасау, онкология, т.б. ауру түрлерінен медициналық көмек алу үшін шетелге баруға мәжбүр еді.
Егемендік алғаннан кейін Қазақстан медицинасы осы салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Елбасы өзінің «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты дәстүрлі Жолдауында отандық медициналық туризмді дамыту керектігін атап айтқан болатын. Қазір осы міндеттің орындалуына елімізде бірнеше қадамдар жасалуда. Мәселен, Астана қаласында Ұлттық медициналық холдингі негізінде қазіргі заманғы клиникалар құрылып, еліміздегі трансплантология саласындағы қол жеткізген жетістіктеріміз, кардиохирургиялық көмектің жолға қойылуы тұрғындардың шетелге шығу қажеттіліктерін едәуір төмендетті. Біздегі бір артықшылық, қазақстандықтар үшін ол қызметтердің тегін көрсетілуінде. Тіпті, Алматыдағы қатардағы №7 қалалық клиникалық ауруханада үш жылда бүгінге дейін жүзден аса мүше алмастыру сәтті өтіп, осыншама адамның ғұмырын ұзартып отыр. Осы аурухана ақылы түрде Орталық Азия мемлекеттерінен өз донорларымен мүше алмастыруды бастап жіберді. Осыған қарағанда, қазіргі таңда қазақстандықтар үшін шетелге медициналық көмек іздеп бару қажеттілігі тумайтын жағдайлар жасалуда.
«Қазақстандықтар үшін жағымды жаңалық, биыл Алматы қаласында шетелдегі клиникаларға балама бола алатын сондай емдеу орнының бірі - HealthCity (Хэлзсити - «Денсаулық қаласы») жобасының бір бөлігі болып табылатын диагностикалық орталықтың тұсаукесері өтіп, жұмыс істей бастады. Жоба қаланың іскерлік және сауда орталықтарында, сондай-ақ тұрғын үй аудандарында орналасқан және де науқастарға тәулік бойы дәрігердің кеңесіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін дербес медициналық орталықтар желісімен біріктірілген диагностикалық кешен болып табылады», деп жазады мақала авторы. Бұл жайында « Бірегей диагностикалық клиника » атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Бас басылымда «Кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы көмек» деген мақала берілген. Жыл басынан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамымен бірлесіп кәсіпкерлердің қатысуымен ұзақ мерзімді шарттарды жасауға арналған басқосулар өткізілуде. Біздің палатаның атқаратын ауқымды рөлі де сонда, біз ұзақ мерзімді шарт жасауға болатын тауарлар мен қызметтерді анықтаймыз.
Өз сөзін осылай бастады Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. Бұл ретте үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге шарт жасауға мүмкіндік беріп отырған мемлекеттік көмектің елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін оңтайлы болып отырғандығы айтылды. Себебі, кәсіпкерлер ұзақ мерзімді келісімшарттың арқасында алдағы атқаратын істерін алдын ала және алаңсыз жоспарлай алады. Бұл орайда олар тұрақты тапсырыс алуға, өндірістік қызметі мен ұсынылатын тауарларын айқындауға, жұмыстарын жандандырып, техникалық керек-жарақтарын сайлап алуға қол жеткізеді. Ағымдағы жыл бойынша «Самұрық-Қазына» компаниясымен бірлесе отырып 883 млрд. теңге сомасына осындай ұзақ мерзімді 2114 шарттар жасалған. Ал оның ішінде 307 млрд. теңгені құрайтын 606 тауарлар бойынша келісімшарт әзірленген.
Сонымен қатар, осы мәселеге қатысты шарт жасау барысындағы талаптар мен міндеттердің айқындалып, арнайы кеңестерде ұдайы шешімін тауып отыратындығы кеңінен айтылды. Айтар болсақ, осындай кеңес отырыстарына Астана қаласынан бастау алып, барлық аймақты қамтыған 240-тан астам тауар өндірушілер қатысқан. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Сондай-ақ қордың және оның еншілес компанияларының өкілдері бірқатар өңірлерге барып, жергілікті жерде кәсіпкерлермен 548 млрд. теңге сомасында меморандумдарға қол қойған. Бүгінгі таңда аталған меморандумдар бойынша жұмыстың орындалуы 98% болғандығы байқалады.
***
«Алматыда «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Қазақстандағы MakeItClear! әлеуметтік жарнамалардың байқауының қорытындысын шығарды»,- деп жазады «Айқын» газеті «Жарнама жеңімпазы анықталды» атты материалында.
Байқауға 70-ке жуық кәсіби және әуесқой мамандар қатысып бақтарын сынады. Олардың ішінде екі номинация бойынша жеңімпазды анықтап, Eurobest - 2015 (Бельгия) және DubaiLynx - 2015 (БАӘ) өтетін алғашқы жарнамалық фестиваліне жолдама берді. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша, кәсібилікпен өз бетінше әуестенушілердің арасында «Ең үздік әлеуметтік теледидарлық ролик» жұмысы үшін алматылық 24 жасар режиссер Сафар Шакеевтің «Табиғатты сүйемін, сүйемін Қазақстанды» атты еңбегі жоғары бағаға ие болды. Ал «Ең үздік әлеуметтік плакат» номинациясында алматылық жарнама агенттігінің дизайнері Екатерина Тулякованың «Алматы: сұрағыңа жауап таба алмайсың» деген туындысы көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ бейнеролик бойынша Глеб Пономарёвтың және плакаттық жұмыста Константин Васенин жұмыстары да өзінің ерекшеліктерімен бағаланып, арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Осы басылымда «Базарды қаншаға сатып алуға болады?» атты мақала жарияланды. Елімізде «Жекешелендірудің екінші толқыны» қарқынды жүргізілуде. Қаржы министрлігі «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспарын» жүзеге асырудың алдын ала қорытындыларын шығарды. Министрліктің хабарлауынша, биылғы жыл соңына дейін мемлекет меншігіндегі 439 нысан сатылуға тиіс. Соның ішінде 395 нысан саудаға шығарылды. Дегенмен, осы аптадағы жағдай бойынша іс жүзінде 217 нысан жекешелендіріліп отыр.
Егер тарата айтсақ, оның 11-і - республикалық меншіктегі, 100-і - коммуналдық меншіктегі, ал 59-ы - Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға берілген нысандар. Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар да 47 кәсіпорнын бәсекелестік ортаға өткізді.
«Бір қызығы, жекешелендіру барысында ел қара базардың құны қанша тұратынын білді: мысалы, Түркістан қаласындағы аудандық коммуналдық меншікте болған «Муниципалдық базар» 64 366 089 теңгеге сатылды. Әу баста 42 миллион 889,8 мың теңге тұрады деп бекітіліпті. Сондай-ақ ел қаржысына ұсталып келген Алматы облысындағы «Олимп» кәсіби регби клубы да «мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын» атауынан айырылды. Оны бар мүлкімен сол өңірдегі заңды тұлға 16 миллион 600 мың теңгеге иеленді. Бұл ретте бастапқы құны 325 мың 448 теңгеге арзандап отыр»,- деп жазады газет.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында « Мектепке Жәутіков есімі қайтарылғаны дұрыс!» оқырмандарымыздың пікірі осындай» деген материал басылды. «Ана тілі» газетінің №43 (1301) 29 қазан-4 қараша 2015 жылғы санында Шолпан Қандидың «Жәутіковтың жазығы не?» атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақалада автор академик, белгілі математик Орынбек Ахметбекұлы Жәутіковтің есімімен аталатын республикалық физика-математикалық мектептің атауы өзгертіліп, бұдан былай «Коммерциялық емес акционерлік қоғам республикалық физика-математика мектебі» деп аталғанына орынды қынжылыс білдіреді. Мақала шыққан күннен бастап редакциямызға оқырмандар хабарласып, мәселенің орынды көтерілгенін айтып, мектепке Жәутіков есімін қайтару керек деген пікірлерін ортаға салды», деп жазады басылым.