Базарларды тексеру: 247 кәсіпкердің табысын жасыру әрекеті анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен азық-түлік базарларында тәртіп орнату және тауар өткізу тізбектеріндегі тиімсіз делдалдарды қысқарту мәселелеріне арналған кеңес барысында мәлім болды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Кеңес барысында ҚР Қаржы министрлігінің мәліметтері ұсынылған болатын.
Ведомство өкілдері 38 ірі азық-түлік базарына тексеру жүргізіп, олардың аумағында қызмет ететін сауда субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметіне кешенді талдау жасаған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мониторинг пен бақылау шаралары үшін 67 азық-түлік базары іріктелді. Бұл базардарда жалпы саны 16 640 сауда субъектісі қызмет атқарады.
Талдау нәтижесінде 4 843 кәсіпкердің бақылау-касса машиналарын тіркемей бөлшек саудамен айналысқаны, ал 5 846 субъектінің тіркелген POS-терминалдары жоқ екені анықталды. Сонымен қатар табысын төмендетіп көрсетуге әрекет жасаған 247 кәсіпкер анықталып, оларға қатысты қосымша талдау мен хронометраждық тексерулер тағайындалды.
Бұдан бөлек, 109 кәсіпкерге тыңдауға келу туралы хабарлама жолданды. Қазіргі уақытта олардың 74-іне қатысты тыңдау өткізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге қосымша жиынтық табыс декларациялары тапсырылды.
Жұмысқа ішкі істер органдары да тартылған. Олардың мәліметінше, базарлар мен оған іргелес аумақтарда заңсыз көше саудасының 2 345 фактісі, заңсыз сауданың 37 дерегі және заңсыз кәсіпкерліктің 201 жағдайы анықталған.
Алдағы уақытта жұмыс мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасындағы жауапкершілікті нақты бөлуді көздейтін бірыңғай алгоритм негізінде жалғасады.
Өңірлерге базарларды бақылауды күшейту, бейнебақылау жүйелерін орнату және тиімсіз делдалдарды анықтап, оларды осы жүйеден шығару жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар сауда үстемақыларына бақылау күшейтілуде.
-Тәуекел факторларын ескере отырып, заңсыз қызметтен бастап көлеңкелі жұмыспен қамтуға дейінгі, сондай-ақ санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы тіркелген 63 азық-түлік базары анықталды. Бұл нысандардың барлығы ерекше бақылауға алынды,-делінген хабарламада.
Осыған дейін жыл басынан бері еліміздегі базарлардан 150 тиімсіз делдал сауда тізбегінен шығарылғаны хабарланды.