15:21, 14 Шілде 2022 | GMT +5
«Базз Лайтер» Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмейді - Дәурен Абаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қызу талқыға түскен «Базз Лайтер» анимациялық фильмі Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмейтінін мәлім етті. Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ел азаматтары мен БАҚ өкілдері тарапынан шетелдік «Базз Лайтер» анимациялық фильміне қатысты көптеген сұрақ келіп түсті. Жауабымды осы пост арқылы жеткізуді жөн көрдім. Аталған картина Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмейді», - дейді Дәурен Абаев.
Айта кетсек, «Базз Лайтер» – мультфильмдегі басты кейіпкер, яғни астронавт есімі. Мультфильм 6 жастан асқан көрерменге арналған.
Картинаның қоғамда қызу талқылануына ондағы екі әйел кейіпкердің бір-бірімен сүйісуі себеп болды. Қазақстандықтар мультфильмнің көрсетілуін тыйым салуды талап етіп, қол жинады.
Қазақстаннан бөлек, бұл мультфильмнің көрсетілуіне 14 елде тыйым салынған.