Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

BBC Дастан Сатпаевтің «Челсидің» негізгі құрамына ену мүмкіндігін бағалады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев «Челсидің» негізгі құрамында тұрақты ойнауға ең ықтимал үміткер атанды, деп хабарлайды Sports.kz.

BBC Дастан Сатпаевтің «Челси» командасының негізгі құрамына ену мүмкіндігін бағалады
Фото: Sports.kz

«2026-2027 жылғы маусымда қай жас ойыншылар өздерін көрсете алады?» деген сауал бойынша басылым Дастан Сәтпаевтың мүмкіндігін бағалады.  

— Премьер-лига маусымы жақындап қалды: 21 тамыз, жұма күні қазіргі чемпион «Арсенал» өз алаңында лиганың жаңадан қосылған клубы «Ковентри Ситиді» қабылдайды. Біз әрбір Премьер-лига клубынан бір-бірден маусымда серпіліс жасауы мүмкін 20 перспективалы ойыншыны таңдадық. Бәлкім, олардың арасынан болашақта нағыз жұлдызға айналатын футболшылар табылар. 17 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев «Челсидің» негізгі құрамына енуге ең ықтимал үміткер секілді. Ол жаңа бас бапкер Хаби Алонсодан жоғары баға алды. Сәтпаев «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы матчта есеп ашып, қақпаның жақын бұрышына қуатты соққымен гол соқты. Ол жылдамдығы мен күшін көрсетіп, гол соғуға қабілетті екенін байқатты. Оның Чемпиондар лигасында ойнаған тәжірибесі бар. Сонымен қатар 2025 жылдан бері ұлттық құрама сапында 9 матч өткізіп, өз елінде үлкен жұлдызға айналды, — деп жазды басылым.

Сәтпаевтың алматылық «Қайраттан» лондондық «Челсиге» ауысуы 2025 жылғы 10 ақпанда ресми түрде келісіліп, жарияланды. Трансфер құны Қазақстан футболы үшін рекордтық көрсеткіш — 4,3 млн еуро болды. Одан кейін ол «Қайратта» жалға алу шарттарымен ойнауды жалғастырды.

2026 жылғы шілдеде Сәтпаев «Челсидің» маусым алдындағы турына қатысу үшін команда орналасқан жерге барды. Ал клубтың толыққанды ойыншысы атануына 2026 жылғы 12 тамызда, яғни 18 жасқа толған күнінен бастап мүмкіндік алады.

Айта кетейік, Сәтпаевтың «Челси» сапындағы алғашқы голы ең үздік деп танылды.