BBC Travel Алматыны саяхаттауға болатын үздік 20 қала қатарына қосты

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматы BBC Travel басылымының The 20 best places to travel in 2027 атты жыл сайынғы тізіміне енген Орталық Азиядағы жалғыз қала атанды.

BBC Travel Алматыны саяхаттауға болатын үздік 20 қала қатарына қосты
Фото: Pexels

Британдық басылым қаланың мәдени мұрасын, заманауи өнерін, қазақ қолөнерін және ұлттық асханасын ерекше атап өтті.

Мәдени және туристік нысандардың қатарында Almaty Museum of Arts өнер музейі, «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, The Spirit of Tengri музыкалық фестивалі және Медеу шатқалындағы Auyl мейрамханасы бар.

BBC Travel халықаралық әуе қатынасының дамуына назар аударды. Соның ішінде 2027 жылдың қаңтарынан бастап Cathay Pacific әуе компаниясы Гонконг пен Алматы арасында тікелей рейстерді іске қосатынын атап өтті.

— Алматының бұл тізімге енуі қалаға деген халықаралық қызығушылықтың артып, туристік әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді, — деп мәлімдеді Алматы туризм басқармасы.

Еске салайық, Euronews Алматыдағы туризм туралы үш тілде мақала жариялаған еді.