Bed Tax: Туристік жарнаға белгіленген мөлшерлеме қолданылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Шетелдіктер үшін туристік жарнаның пайыздық мөлшерлемесін белгіленген ставкаға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл жайында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Bed Tax: Туристік жарнаға белгіленген мөлшерлеме қолданылады

«Мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері туристік жарнаны енгізу тетігін талқылау мәселелері бойынша бірнеше рет кездесті. Нәтижесінде Bed Tax шетелдіктері үшін туристік жарнаның пайыздық мөлшерлемесін белгіленген ставкаға ауыстыру туралы тұжырымдамалық шешім қабылданды. Енді Астана, Алматы және Шымкент қалалары үшін 0,5 АЕК және қалған өңірлер үшін 0,2 АЕК мөлшерінде тіркелген мөлшерлеме қолданылады», - делінген палатаның ресми сайтында жарияланған ақпаратта.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбековтың айтуынша, қаулы мен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу біраз уақыт қажет етеді.

«Нормативтік-құқықтық актілерді қабылдаудың қолданыстағы рәсімдерін ескеріп, Ұлттық палатамен келісе отырып, біз ҚР Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізу мәселесін бірінші кезекте пысықтаймыз. Ол 1-1,5 айға созылады. Бұдан әрі жыл соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін пысықтаймыз», - деді Дастан Рысбеков.