Beeline қазақстандықтарға Ыстықкөлде қолайлы роуминг қызметін ұсынып отыр
АЛМАТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Beeline сауда белгісімен жұмыс жасайтын «Кар-Тел» ЖШС «Қолайлы роуминг» қызметін іске қосатындығын жариялады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ұялы байланыс операторының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық ұялы байланыс операторының абоненттері енді көршілес Қырғыз Республикасы аумағында жүріп қоңырау мен хабарлама жіберуге жеткілікті балансы болса бір-бірімен байланыса алады. Олардың қырғыз еліндегі SkyMobile ұялы байланыс операторының желісіне тіркелуі қажет. Дегенмен бұл қызмет түрі төлемді алдын ала жасайтын «роуминг» қызметі қосылған абоненттерге ғана қарастырылған. «Роуминг» қызметі қосылған-қосылмағанын тексеру үшін *110*09#-ті теріп, қоңырау клавишін басу қажет. Жауап SMS хабарламасы арқылы келеді. Оған сұрау салу тегін. Жалпы «роуминг» қызметіне қосылу ақысыз жүргізілетін шара.