Beeline компаниясы өткен жылы іске асырған әлеуметтік жобаларын қортындылады

АЛМАТЫ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - "КаР-Тел" ЖШС (Beeline СБ) 2010 жылы өзінің әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін компания екендігін нақтылады.

Beeline компаниясы өткен жылы іске асырған әлеуметтік жобаларын қортындылады

Beeline өткен жылы әлеуметтік бағыттағы бірнеше жобалардың серіктесі болды. Мамыр айында кең көлемде «Майдандастарға қоңырау» акциясын өткізіп, Beeline Қазақстан бойынша барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әлемнің кез келген түкпіріндегі жақындарына, майдандас достарына тегін қоңырау шалуына мүмкіндік берді. Бүгін Алматыдағы баспасөз мәслихатында «КаР Тел» ЖШС-нің Бас директоры Анатолий Попов осылай айтты.

Оның сөзіне қарағанда, Beeline компаниясы Қазақстанда қызмет еткен жылдарында әлеуметтік жауапкершілікті сезіну және жүргізу мәдениетін қалыптастырды. «Beeline сан салалы, соның ішінде әлеуметтік саясатта да біз өз қызметкерлерімізге арналған ішкі бағдарламаны, білім, мәдениет және спортқа бағытталған сыртқы бағдарламаны да дәстүрлі жүргізіп келеміз»,- дейді А. Попов.

Сонымен қатар компания балалар үйі мен интернаттарға көмекті еліміз бойынша көрсетіп келеді. Компания филиалының әрбірінде қамқорлыққа алынған балалар ұйымдары бар. Биылғы жылы Beeline компаниясы «Мектепке жол» республикалық жобасына белсене қатысып, аз қамтылған отбасылардың бірнеше жүз балаларын мектеп киімі мен оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Beeline қайырымдылық бағыттағы қаржы жинау акциясын да қолдады. 2007 жылы «Милосердие» ерікті қоғамы» қайырымдылық қорымен бірігіп, «Балаларға өмір сыйла» СМС жобасын жүзеге асырды. Beeline абоненттерінің көмегімен осы акция барысында науқасы ауыр балалардың емделуіне 14 млн теңге қаражат жиналды.

2010 жылы Алматы облысы, Қызылағаш ауылының су тасқынан зардап шеккен тұрғындарына арнап смс жобасы ұйымдастырылып, нәтижесінде бір миллионнан астам теңге қаражат жиналған.

Сондай-ақ Beeline мемлекеттік тілді дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Өткен жылы Beeline Қазақстанда алғаш болып қазақ тілді журналистерге арнап семинар -тренинг өткізді. Еліміздің аймақтарында мемлекеттік тілді дамыту және қолдау бағытында «Абай оқулары», «Серілер сыны» тағы да басқа шараларды өткізуді қолға алды.