Bek Air әуе кемелерінің ұшуы тіркелген жоқ - Азаматтық авиация комитеті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Азаматтық авиация комитеті «Bek Air» әуекомпаниясының ұшақтары рейс орындап жүр» деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Михаил Козачковтың әлеуметтік желілердегі жарияланымына қатысты РК 8265 бортының ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін хабарлаймыз. «Қазаэронавигация» РМК бұрынғы «Бекэйр» әуекомпаниясына тиесілі әуе кемелерінің ұшуын тіркеген жоқ, -
делінген комитет хабарламасында.
Айта кетейік, бүгін журналист Михаил Козачков өзінің Тelegram арнасында «Bek Air» әуекомпаниясына тиісілі «Fokker-100» ұшағының Алматыға рейс орындағанын жазып еді.
Қазір авиаторлар чатына «Бекэйр» авиакомпаниясының «Fokker-100» ұшағының флайрадары (рейс бағыты) туралы фотолар түсіп жатыр. Түсінуімше, әуе кемесі Алматыға ұшқан. Бірақ, «Бекэйр» компаниясы ұшақтарының рейс орындауына осыдан 3 жыл бұрын тыйым салынған. Онда «Бекэйр» ұшақтарымен кім ұшып жүр? -
деп жазды Михаил Козачков өзінің Тelegram арнасында.
Еске салайық, 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы әуе айлағының аумағында «Bek Air» компаниясының «Fokker-100» ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Осыдан кейін компанияның ұшу лицензиясы тоқтатылып, рейстерді орындауына тыйым салынған еді. Әуе кемесінің апатына қатысты тергеу биыл сәуірде аяқталып, оның себептері жарияланды.