Bek Air компаниясы Fokker-100 ұшақтарын сатпайтын болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2019 жылғы ұшақ апатынан кейін қызметін тоқтатқан Bek Air компаниясы екі Fokker-100 ұшағын сатылымға шығарған еді.

Bek Air
Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Алайда аукцион сауда басталмай тұрып тоқтатылған. Сауда бүгін сағат 11:00–де өтуі қажет еді.

Bek Air компаниясы Fokker-100 ұшақтарын сатпайтын болды
Фото: Скриншот

Бұған дейін Bek Air сауда-саттықтың электронды алаңында екі Fokker-100 ұшағын сатылымға өткен аптада қойған. Лоттың бастапқы бағасы — 104,4 млн теңге, ал ең төменгі баға — 67,9 млн теңге болды. Ұшақтардың кедендік берешекке байланысты шектеуі бар. 

Bek Air
Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Әуе компанияның мәліметінше, аталған екі ұшақ 2019 жылдың желтоқсан айынан бері пайдаланылмаған және оларға техникалық қызмет көрсетілмеген. Ұшақтардың жарамдылығын қалпына келтіру үшін агрегаттар мен тораптарды, борттық жүйелер мен авиондық жабдықты тексеру және ауыстыруды қоса алғанда, ауқымды жұмыс атқару қажет.

Алдын ала есептеулер бойынша, бір Fokker-100 ұшағын қалпына келтіруге 2–2,6 млн АҚШ доллары кетеді.

Bek Air
Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Еске салсақ, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. 

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.

2024 жылы Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air ұшағына қатысты тергеу аяқталды.

Соңғы жаңалықтар