Bek Air ұшақ бортындағы жанжалдың куәгерлерін іздестіруде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Bek Air әуе компаниясы «Шымкент-Астана» рейсін орындаған ұшақтың бортындағы жанжалдың куәгерлерін іздестіріп жатыр. Бұл туралы әуе компаниясының Инстаграмдағы парақшасынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Bek Air ұшақ бортындағы жанжалдың куәгерлерін іздестіруде

«14 сәуірде әуе сапары кезінде екі жолаушы ішімдікке масайған күйде бірнеше рет экипаж мүшелеріне тіл тигізіп, кейіннен жолаушылардың бірі аға жолсерікке бірнеше соққы жасады», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде болған оқиғаның мән-жайын Астана әуежайында Желілік ішкі істер бөлімі зерттеп жатыр.

«Іс бойынша аға жолсерік пен аталған екі жолаушы арасында көзбе-көз беттестіру жүргізілді. Алайда бұдан басқа іс-қимылдар атқарылған жоқ. Осындай  бетпе-бет жүздесу басқа желсеріктермен және өзге де жолаушылармен жүргізілмеді. Егер де аталған рейспен сапарлаған адамдар оқиғаның фактілері туралы жауап беруге дайын болса, бізге хабар берсеңіздер деген өтініш бар», - деп жазылған әуе компаниясының парақшасында.