БЭК аясында ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары енгізіледі - заң жобасы
АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары туралы келісімді тарификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Аталған келісімге 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған. Заң жобасының мақсаты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру қағидаларын белгілеу болып табылады. Сонымен қатар, келісім Тараптар мемлекеттерінің Бірыңғай экономикалық кеңістігінің аумағында және ауыл шаруашылығы тауарларына қатысты қолданылады.
Келтірілген мәлітеттерге сүйенсек, қазіргі уақытта саудаға бұрмалаушы әсері бар, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы құнындағы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау үлесі Беларусь елінде 18 пайыз, Ресейде - 6 пайыз, Қазақстанда - 4 пайызға жуық болып отыр. Осыған орай, Кеден одағына қатысушы елдердегі аграрлық секторға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемдеріндегі осы келіспеушіліктерді назарға ала отырып, Тараптар саудаға бұрмалаушы әсері бар мемлекеттік қолдаудың рұқсат етілген деңгейін өндірілген өнімнің жалпы құнының 10 пайызы мөлшерінде баршасына ортақ етіп белгілеуді көздеп отыр. Яғни, осы бағытта бірыңғай ұстаным қалыптасатын болады. Бұл ретте Беларусь Республикасы үшін 2016 жылға дейін өтпелі кезең ретінде белгіленеді. Осы кезең ішінде аталған мемлекет рұқсат етілген көлемді төмендетуге міндеттеледі.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.